10 тамыз күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Адамзаттың Абайы» атты кезекті халықаралық ғылыми-тәжірибелік мәжіліс өтті.
Ғылыми-тәжірибелік мәжілісті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректор М.Қ. Ибраимов ашты. Іс-шараны университеттің Абай ғылыми-зерттеу институты мен Әл-Фараби кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды.
Мәжіліске Қазақстанның жоғары және арнаулы орта оқу орындарының профессор-оқытушылары, Абай ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, филологтар мен абайтанушылар, сондай-ақ Әл-Фараби кітапханасының қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар шетелдік ғалымдар онлайн форматта қатысып, Абай мұрасын зерттеудің өзекті мәселелеріне арналған баяндамаларын ұсынды.
Мәжіліс барысында Абайдың шығармашылық мұрасы мен философиялық дүниетанымы, «Қара сөздерінің» мәні, ақын шығармаларының аударылуы, сондай-ақ абайтану ғылымының қазіргі бағыттары кеңінен талқыланды.
Қатысушылар Абайдың рухани мұрасының уақыт өткен сайын өзектілігі артып келе жатқанын атап өтіп, ақын шығармаларын жаңа ғылыми қырынан зерттеудің маңыздылығына тоқталды. Әсіресе Абайдың адамгершілік, білім мен ғылым, әділет және «толық адам» туралы философиялық ойларының бүгінгі қоғам үшін маңызы сөз болды.
Әл-Фараби кітапханасының директоры Ж.А. Арекенова мәжілісте жасаған хабарламасында кітапхана қорында Абай шығармашылығына қатысты елеулі ғылыми және әдеби қор қалыптасқаны туралы айтты. Атап айтқанда, кітапхана қорында Абайдың өз шығармаларының қазақ тіліндегі – 74, орыс тіліндегі – 33 және шет тілдеріндегі 5 басылымы сақталған. Сонымен қатар Абай мұрасын зерттеуге арналған қазақ тіліндегі 306 және орыс тіліндегі 36 ғылыми еңбек толық цифрландырылып, кітапхананың ресми сайтындағы «Ресурстар» бөлімінде QR-кодтар арқылы оқырмандарға қолжетімді етілген.
Сондай-ақ Абай ғылыми-зерттеу институты дайындаған 50 томдық «Абай антологиясы» да оқырмандар назарына ұсынылды. Антологияның электрондық нұсқасы Әл-Фараби кітапханасының ресми сайтында және кітапхананың абонемент бөлімінде QR-код арқылы қолжетімді. Бұл жоба Абай мұрасын жүйелі түрде зерделеуге, ғылыми зерттеушілер мен оқырмандардың антология материалдарына заманауи цифрлық форматта еркін қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Аталған көрсеткіштер Әл-Фараби кітапханасының Абай шығармашылығы мен абайтану ғылымын зерттеуге қажетті маңызды ақпараттық және ғылыми ресурстарды жинақтап, оқырманға ұсынатын орталықтардың бірі екенін көрсетеді.
Сондай-ақ Абай күніне орай Әл-Фараби кітапханасында «Абайдың шығармашылық мұрасы», «Әлем таныған Абай», «Абайды танытқан Мұхтар», «Абай ілімі» атты төрт бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге кітапхана қорындағы Абай шығармаларының әр жылдардағы басылымдары, ақын мұрасына арналған ғылыми зерттеулер, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы және абайтану бағытындағы өзге де еңбектер қойылды.
Іс-шара Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, сақтау және кеңінен насихаттаумен қатар, ұлы ақынның шығармашылық мұрасын заманауи цифрлық форматта оқырманға қолжетімді етудің маңызын айқындады.