Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасында Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай мазмұнды әрі танымдық кездесу өтті.
Аталған іс-шараның құрметті қонағы «КітапХан» жобасының бас резиденті, танымал жүргізуші, «Жайдарман» Премьер-лигасының 2009–2010 жылдардағы вице-чемпионы Хамит Ердехан болды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау, шығармашылық ізденісті қолдау.
Іс-шара барысында қонақ өз өмір жолы, шығармашылық тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу еркін форматта өтіп, студенттер мен қатысушылар қонақпен тікелей пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды. Ашық диалог барысында кітап оқудың тұлғалық дамуға әсері, ой-өрісті кеңейтудегі маңызы кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында кітап оқудың адам өміріндегі маңызы ерекше атап өтілді. Кітап – тек ақпарат көзі ғана емес, ол адамның дүниетанымын қалыптастыратын, сыни ойлау қабілетін дамытатын, рухани байлығын арттыратын негізгі құрал екені айтылды. Қатысушыларға тұрақты түрде кітап оқу арқылы жеке тұлғалық даму жолында жаңа белестерге жетуге болатыны, сондай-ақ кітаптың адам өміріндегі бағыт-бағдар беретін сенімді серік екені түсіндірілді.
Сонымен қатар, әрбір адамның өз тарихын, ұлттық тамырын білуінің маңыздылығы кеңінен қозғалды. Өткенді тану – болашақты дұрыс бағдарлаудың негізі екені, тарих арқылы ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны сақтау қажеттілігі айтылды. Бұл тұрғыда кітаптардың рөлі ерекше екені, тарихи сананы қалыптастыруда әдебиеттер мен дереккөздердің орны зор екені атап өтілді.
Шара соңында Әл-Фараби кітапханасының директоры Ж. Арекенова қонаққа ерекше алғыс білдіріп, Әл-Фараби кітапханасы атынан арнайы Алғыс хат пен естелік сыйлықтарды табыстады.
Аталған кездесу – кітап пен білімді насихаттауға, жастарды жаңа идеялар мен ізденістерге бағыттауға арналған маңызды мәдени алаң болды.