11 қараша күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақтың ұлы ақыны, айтыс өнерінің дара тұлғасы Сүйінбай Аронұлының он томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Он томдыққа Сүйінбай ақынның айтыстары, толғаулары, арнау өлеңдері мен жыр-дастандары, олардың тарихи және поэтикалық мәнін талдауға арналған зерттеулер, сондай-ақ Сүйінбай шығармаларының түрік, қырғыз және ағылшын тілдеріне аудармалары енген.
Тұсаукесерге белгілі зиялы қауым өкілдері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н. Қапалбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қ. Бегманов, Алматы облысы Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Т. Ғұмаров, университет ректоры, профессор Ж. Түймебаев және профессорлар Ж. Дәдебаев, Қ. Әбдезұлы, Б. Кәрібаев, А. Мәуленов және басқа да қонақтар қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығына арналған іс-шараның мәні мен маңызын атап өтіп, ақын мұрасын он томдыққа топтастырып, жүйелеп, зерттеу жұмыстарын ҚазҰУ-дың Жамбыл атындағы Филологиялық зерттеулер ғылыми орталығы жүзеге асырғанын атап өтті.
Осы іс-шараға Әл-Фараби кітапханасының қорынан арнайы кітап көрмесі дайындалды. Көрмеге Сүйінбай Аронұлының кітаптарымен қатар ол туралы кітаптар, энциклопедиялар, газеттер-журналдар қойылып, қонақтар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Іс-шара Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармония әртістері ақын шығармаларынан құралған концерттік бағдарламасымен аяқталды.