ҚазҰУ-да В.Инюшин атындағы Биофизика зертханасы ашылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының құрылғанына 50 жыл толуына орай, кафедраның негізін қалаушы, ғалым, профессор Виктор Михайлович Инюшин атындағы Биофизика зертханасы салтанатты түрде ашылды.

Іс-шараға елімізге белгілі ғалымдар мен білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы және студент жастар қатысты.

Шарада сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова: «Виктор Михайлович Инюшин – елімізде биофизика ғылымын қалыптастыруға зор үлес қосқан тұлға. Ол әлемде алғаш рет лазерлерді қолдануды теориялық тұрғыдан негіздеді және емдік тәжірибеге енгізді», – деді проректор.

Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты: Қонақтарды, ОҚП, студенттерді кітапхана қорындағы Виктор Михайлович Инюшиннің еңбектерімен және Биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының зерттеуші, ғалымдарының еңбектерімен; дөңгелек үстел тақырыбына байланысты зерттеу жұмыстарымен таныстыру.

Көрме бөлімдері:

  • «Тұғыры биік ғалым-ұстаз»
  • «Ғылыми, ұстаздық еңбектері»

Тұғыры биік ғалым-ұстаз. Ғылым жолында бағалы белестерді еңсеріп, жаһандық ғылыми айналымда өзінің пайымды ойларымен танылған ғалым Виктор Михайлович Инюшин өзінің өнегелі өмірімен, ғылымдағы табандылығымен, жасампаздығымен көпшілік қауымға, студенттерге жақсы таныс. Оның тағдырындағы бетбұрыстар, әлемнің ғылыми қоғамын дүр сілкінткен жетістіктері өзінің ізінен ерген жас ғалымдарды жігерлендіреді, еңбектері талапты шәкірттерге ой салады, ақыл-кеңестері жасы кіші әріптестерін даналыққа бастайды. Кітап көрмесінде профессордың «Пространственно-временная структура биоплазменного тела человека», «Проблемы биоэнергетики организма и стимуляция лазерным излучением», «Живая вода Иртыша», «Экологическая биофизика», «Основы психофизической культуры на базе Цигун», «Биоэнергетические структуры –теория и практика», «Биофизика және өнім» сынды және т.б. еңбектері оқырман назарына ұсынылды.

Ғылыми, ұстаздық еңбектері. Бұл бөлімге ғалымның биофизика ғылымын қалыптастыруға зор үлес қосқан еңбектері мен зерттеулері және биофизиканың, биомедицинаның іргелі мәселелеріне қатысты кафедра зерттеуші, ғалымдарының «Биофизика», «Экологическая биофизика», «Infrasonic waves and its effects», «Handbook of Individual Differences in Cognition», «Радиобиология», «Биологиялық процестер кинетикасына кіріспе» сынды кітаптары қойылды.

Яндекс.Метрика