Психология мен педагогиканы дамытудың өзекті мәселелері

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да педагогика және психология ғылымдарының докторы Қ. Б. Жарықбаевтың 95 жылдығына орай «Психология мен педагогиканы дамытудың өзекті мәселелері» атты халықаралық конференция өтті.

Құбығұл Бозайұлы Жарықбаев — 1929 жылы Ақтөбе облысының Алға ауданында туған. Ақтөбе оқытушылар институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін, Қазақ университетінің логика және психология бөлімін бітірген. «Этнопсихология ұлт тәрбиесінің өзегі», «Қазақстандағы ғылыми психологияның қалыптасуы мен дамуы», «Жантану оқулығы» және т.б. 60-тан аса жеке еңбектердің, 1000-нан аса ғылыми мақалалардың авторы.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты: Қазақстандагы психологиялық және педагогикалық ой-пікірлердің даму тарихы, этнопсихология мәселелері. Ол Алаш қайраткерлерінің психологиялық және педагогикалық мұралары жөнінде бірқатар ғылыми еңбектер жазған.

Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты: 1) Конференцияға қатысушыларды, профессорлық-оқытушылық құрамды, университет студенттерін Жарықбаев Құбығұл Бозайұлының ғылыми еңбектерімен (монографиялары, оқулықтары, мақалаларымен), және 2)      ҚазҰУ-да қызмет ететін ғалымдардың психология, педагогика бойынша жазған оқу және ғылыми әдебиетімен, 3) өзге де әлемдік және қазақстандық психолог ғалымдардың, педагогтардың жұмыстарымен, жарияланымдарымен таныстыру.

Көрме 7 бөлімнен тұрады:
  • Қазақ психологиясының ғылымы
  • Жантану — ұлт тәрбиесінің өзегі
  • Даралықтан дарыған дара болмас
  • Профессор Қ.Б.Жарықбаевтың марапаттары
  • Мерейтойлық құттықтаулар
  • Педагогикалық білім және ғылым
  • Психология пәні, салалары және даму тарихы

Қазақ психологиясының ғылымы. Көрме Жарықбаев Құбығұл Бозайұлының ғылыми-педагогикалық шығармашылығын ашатын бөлімнен басталады. Бұл жерде Қ.Б. Жарықбаевтың психология және этнопсихология бойынша жазған еңбектері: «Этнопсихология – ұлт тәрбиесінің өзегі», «Этика и психология», «Қазақ психология ғылымы» және т.б. еңбектері ұсынылды.

Жантану — ұлт тәрбиесінің өзегі. Көрменің екінші бөлімінде «Жантану негіздері», «Ақылдың кені: ұлағатты сөздер», «Қазақ тәлім-тәрбиесі» (С. Қалиевпен бірге), «Психология: педагогтық училищелерге арналған оқулық» және профессордың басқа да еңбектерімен таныса аласыз.

Даралықтан дарыған дара болмас. Көрменің бұл бөліміне Құбығұл Жарықбаев туралы толық мәліметтер ұсынылды. «Элита», «Летопись», «Қазақстан Ғылым энциклопедиясы», Аманат» сияқты ірі энциклопедиялар қойылды, сондай ақ, Жарықбаев туралы мерзімді басылымдарда яғни газет және журнал беттерінде жарияланған мақалалар қойылды.

Профессор Қ.Б.Жарықбаевтың марапаттары. Профессор Қ. Б. Жарықбаевтың көп жылғы жемісті жұмысы мемлекет пен қоғамның жоғары бағасына ие болды. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасымен, КСРО Жоғары оқу орнының «Жұмыстағы үздік жетістіктері үшін» төсбелгісімен марапатталды. Көрменің төртінші бөлімінде сіз осы және басқа да профессордың марапаттарымен таныса аласыз.

Мерейтойлық құттықтаулар. Бұл бөлімге мерейтойлық құттықтаулар қойылды.

Педагогикалық білім және ғылым. Көрменің бұл бөлімінде Қазақстан ғалымдары мен педагогтарының ғылыми еңбектері – педагогика тарихы, педагогика бөлімдері бойынша монографиялары, жинақтары, оқу-әдістемелік құралдары ұсынылды.

Психология пәні, салалары және даму тарихы. Экспозицияның бұл бөлігінде шетелдік ғалымдар мен психология ғалымдарының ғылыми еңбектері – психология тарихы, психология бөлімдері бойынша монографиялары, жинақтары, оқу-әдістемелік құралдары қойылды.

Ұйымдастырушы: Әл-Фараби атындағы кітапхана

Көрменің оқырмандық бағыты: Шара қатысушылары, журналистер, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, т.б.

Көрме құжаттары: кітапхана қорынан 140-қа жуық кітап, мерзімді басылымдар.

Сондай-ақ әл-Фараби кітапханасында өткен іс-шараларды сілтеме арқылы көре аласыз: осы жерде

Яндекс.Метрика