Әл-Фараби кітапханасы ҚазҰУ ЖОО дейінгі білім беру факультетінің Бейіндік мектеп оқушыларымен бірге Желтоқсан оқиғасына 35 жыл, Тәуелсіздігімізге 30 жыл мерейтойға орай өткізілген«Азаттығым, ақ таңым — Желтоқсан» атты іс-шара аясында көрме ұйымдастырды.
Күні: 08 қараша 2021 жыл
Көрменің мақсаты:
Оқушыларды, жалпы жүрегі Отаным деп соққан әрбір жасты Желтоқсан оқиғасы мен тәуелсіздік туралы кітаптармен таныстыру, насихаттау. Ұлттық құндылықтың бірі — әлбетте, ол кітап. Кез келген ұлттың сипаты бес қағидаға келіп тіреледі. Біріншісі – тілі, екіншісі – діні, үшіншісі – дәстүрі, төртіншісі – тарихы, бесінші – атамекені. Құндылықтар – тек шынайы болады, ол адамға тәуелді емес, дей тұрғанмен ең алдымен адам санасында орын алады. Құндылықтарды сезім арқылы қабылдап, ал сана арқылы түсінуге болады, соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді, соған сай әрекет етеді. Осы сипатта жас ұрпақты ұлттық қасиеттер мен ұлттық рухты бойына сіңірген, Отанының гүлденуіне үлес қоса алатын азамат қып өсіре аламыз деген мақсат, біздікі. Қатардағы пендені нағыз толыққанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор.Желтоқсан оқиғасы тәуелсіз Қазақстан тарихында орны ерекше бірегей оқиға. Егер қазақ жастарының желтоқсан көтерілісі болмағанда және Колбин билігін жалғастыра бергенде, 1991 жылғы Тәуелсіздікке қол жеткізер ме едік? Бұл сұраққа жауап беру қиын. Бірақ Қазақстанның ұлттық және бір тегіс мемлекеттік құрылымы негізінде бүгінгі адам таң қалатын жарқын табыстарына жетпейтінін болжау қиын емес. Сондықтан да желтоқсан оқиғаларын 70 жылдық әміршіл-әкімшіл Кеңестік жүйеден кейін, Қазақстанның қайта түлеуінің бастауы деп атап көрсете аламыз.
Үмбет Әбназарұлының «Желтоқсан рухы — Тәуелсіздік туы», «Жігерді жаныған желтоқсан», «Алматы. 1986. Желтоқсан» кітаптарында Желтоқсанның «рухы» еседі. Жүректі шымырлатып, қанымызды бұрқ-сарқ қайнатып, намысымызды қайрайтын естеліктер бар, мұнда. Үмбет Әбназарұлы Желтоқсан оқиғасына қатысушы, үкіметтің ресми хабарын әдейі бұрмалаған қауіпті тұлға ретінде Қазақ радиосынан қуылып, қыспақ көрген журналист. Автордың туындылары кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық.
«Тәуелсіз Қазақстан мәдениеті: жылнама құжаттары» кітабы — Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан бергі кезеңдегі рухани-мәдени үдеріс құжаттары мен жылнамасының жинағы.
Мұнда Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан мәдениеті туралы, мәдени құрылысқа қатысты заңнамалар мен ережелер, Президент пен Үкіметтің мәдениет туралы шешімдері берілген.
«Тәуелсіз Қазақстан: күннен күнге. Оқиғалар хроникасы» атты төрт томдық жинақ орыс тіліндегі басылымымен бірге қойылды. Кітап тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық тарихындағы маңызды деректерді жинақтаған алғашқы ақпараттық-анықтамалық басылым.
«Тәуелсіздік идеясы және көркем мәдениет» деп аталатын бұл еңбек 9 кітаптан тұрады. Әр кітапта әр дәуірдегі тәуелсіздік идеясы мәселелерін қарастырады.
Қазақ ежелден еркіндік аңсаған халықпыз. Бұл тәуелсіздікке оңай қол жеткізген жоқпыз. Тәуелсіздік — елдің егемендігі, халықтың бостандығы, сананың еркіндігі. Азаттықтың ақ таңын көру үшін талай асудан, талай белдерден өттік. Ол — тарих. Ал сол тарихты біліп жүруімізге кітап себепші.
Кітап адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын бойына жинайды да, дәл бір темір мен тастан жасалған ескерткіш құсап, оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді. «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп Абай атамыз айтқандай, түйсігі бар әрбір пенде үшін ғылым мен білімнің қайнар көзі кітапта екенін ұғамыз.