Әл-Фараби атындағы кітапхана ақын, журналист Өтеген Оралбайұлына арнап дәстүрлі кітап көрмесін ұйымдастырды.
Өтеген Оралбайұлы (1952 жылы 1 қыркүйекте туған, қазіргі Бейнеу ауданыҚарақұм ауылы) – ақын, журналист. ҚазМУ-дың (қазіргі ҚазҰУ) журналистика факультетін (1974) бітірген. Маңғыстау облыстық телерадио комитетінде редактор, «Коммунистік жол» газетінің меншікті тілшісі (1974-76), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, алқа мүшесі (1976-90), «Дала дидары» (қазіргі «Ауыл») газетінің жауапты хатшысы (1990-92) және редактордың орынбасары (1993-94), «Егемен Қазақстан» газеті редакциясында ауыл бөлімінің меңгерушісі (1992-93), ҚР Жоғары Кеңесінің Мәдениет, баспасөз, бұқаралық ақпарат құралдары және саяси партиялар мен қозғалыстар жөніндегі комитеттің хатшысы (1994-95) болды. 1995 жылдан Президент аппаратында қызмет істеді. 1978 жылы Өтеген ақынның «Тұңғыш» атты алғашқы өлеңдер жинағы шықты,одан кейін әр жылдары «Мәңгілік қозғалыс» (1980), «Жұлдызды шақ» (1982), «Дүние дидары» (1985), «Ақ пен қара» (1988), «Аспаны биік атажұрт» (1997), «Екімыңжылдық дала жырлары» антология (2008), «Өлеңбаян» 2 томдық (2008), «Сүмбіле саздары» (2010), «Қағбаның қарлығаштары» (2012), «Айсұлудың алақаны» (2016), «Шуақты шақ» (2016) жыр жинақтары жарық көрді. Ө. Оралбайұлы «Жолға шықтым жүрегім» деген деректі очерктер мен новеллалар кітабының (1993), «Жолдар мен жылдар», (2008), «Серпер сезім» (2014), «Текті өнердің Тұмары» (2015), «Тәуелсіз елдің Тұңғышы» (2016) прозалық кітаптардың, жұртшылыққа кең тараған «Жас жұбайлар жыры», «Жылыой қыздары», «Басыңды көтер, бауырым», «Шевченко шаттығы», «Ауылым», «Тербелген, тебіренген Теңізім»сияқты көптеген ән мәтіндерінің және журналистика жанрларының әр саласындағы 200-ден астам мақаланың авторы. Ө. Оралбайұлы өлеңдері мен мақалаларында заман, өмір, атамекен, табиғат-ана туралы өзекті мәселелерді қозғайды. Өлеңдері орыс, түрікмен, өзбек, қырғыз, ұйғыр, латыш, бурят, тыва, ноғай, әзірбайжан, беларусь тілдеріне аударылған. Ө. Оралбайұлы 40-тан астам елдердің бірқатар ақындары жырын қазақшаға аударуға ат салысқан. 1987 ж. Мәскеу қаласында өткен Бүкіл дүние жүзі халықтары шығармашылық байқауының делегаты. 11-Бүкілодақтық поэзия фестивалінің лауреаты. Елбасымыздың Жарлығымен «Шуақты шақ» жыр жинағы үшін 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекет сыйлықтың иегері.
Мәдени іс-шараның мақсаты: Өтеген Оралбайұлы – Мәдениет және қоғам қайраткері, Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, публицист. Іс-шара жас ұрпақтың санасына қозғау салып, жүректерін жалынды жырмен тербеп, рухани ой-өрісін дамыту, әрі қазақ поэзиясында өз орны бар Ө. Оралбайұлының шығармашылығын таныту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
КӨРМЕ БӨЛІМДЕРІ: 1-БӨЛІМ: АҚЫНДЫҚТЫҢ АЗАМАТТЫҚ БОЛМЫСЫ 2-БӨЛІМ: ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАҒЗЫМ
«Өтеген Оралбайұлының өмірлік жолы тәуелсіз мемлекетімізбен біте қайнасып келе жатыр. Ол сонау Кеңес дәуірінен бастап осы күнге дейін журналист, ақын, мемлекеттік қызметкер ретінде тәуелсіздігімізді баянды етуге өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың бірі. Сол еңбегі еленіп, Елбасымыздың Жарлығымен «Шуақты шақ» жыр жинағы үшін 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекет сыйлықтың иегері атанды».
Махмұд Қасымбеков
Виртуалды кітап көрмесін осы жерден көре аласыздар
Өтеген Оралбайұлының еңбектері және мақалалар тізімін көру үшін осы жерге өтіңіз