Әл-Фараби атындағы кітапхана Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі арналған кітап көрмесін ұйымдастырды.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі 1998 жылдан бастап 22 қыркүйекте атап өтілетін мереке, 2017 жылы Үкіметтің «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылған. Атаулы датаның өзгеру себебі – Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа емле, төте жазу, араб графикасы сынды жаңа үлгі ұсынған реформатор. 5 қыркүйекте барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін тойлайды. Осы Тілдер мерекесіне орай Әл-Фараби атындағы кітапхана «Тіл – ұлттың жаны, әр халықтың байлығы» атты кітап көрмесін ұйымдастырып отыр.
Көрменің мақсаты: 1) Қазақ тілінің, жазуының, Қазақстан халқының тілдерінің тарихымен, лингвист ғалымдардың іргелі жұмыстарымен таныстыру арқылы мемлекеттік тілді білуді, оны және Қазақстанды мекендейтін әр халықтың тілін құрметтеуді, әлемдік тілдерді үйренуді насихаттау. 2) Кітапхана қорындағы түркі тілдер, әлемдік тілдер тарихын зерттеуге, қазақ тіл біліміне, тіл мәселелеріне, тілдердіі үйрену, оқытуға арналған оқу, ғылыми әдебиеттермен таныстыру.
Кітапхана қорында әлемнің 39 тілінде оқу, ғылыми және көркем әдебиет жинақталған. Көрмеге кітахана қорындағы көне түркі жазба ескерткіштерінен бастап қазіргі жалпы тіл біліміне, әлемдік тілдерге, көне тілдерге, Қазақстандағы тіл саясатына арналған 200-ден астам құжат қойылды, оның ішінде сирек және құнды кітаптар мен қолжазбалар қорынан шығарылған кітаптар және қазақ тілінің өзекті мәселелері бойынша университетімізде қорғалған диссертациялар бар.
КӨРМЕ БӨЛІМДЕРІ:
1-БӨЛІМ: Көне түркі тілі мен жазба ескерткіштері. Бұл бөлімде кітапхана қорындағы көне түркі жазба ескерткіштеріне, қазақ графикасының, әліппесінің тарихына арналған кітаптар қойылған. Ерекше назар аударатын – сирек кездесетін кітап – Ахмет Байтұрсыновтың 1926 жылы жарық көрген «Әліппесі».Еңбек 116 беттен тұрады, 128 сурет қолданылған. 1927 жылы «Әліп-бидің (Жаңа құрал)» екінші баспасын Қызылорда, Ташкент қалаларындағы баспа үйлері, 1928 жылы үшінші баспасын Қызылорда баспа үйі 20 000 дана етіп шығарған.
Әліпби = Älıpbі : энциклопедиялық анықтамалық / [құраст.: Е. Тілешов және т. б. ; жауапты ред. А. Қожахмет] . – Алматы : Арда+7, 2020. – 365 б. Энциклопедиялық анықтамалықта, емле және дүниежүзіндегі жазу түрлері мен тілдің дыбыстық жуйесіне қатысты терминдер берілген. Жазудың тарихы, даму үрдісі және қазіргі күйі туралы мол мәліметтер топтастырылған.
Қайдаров, Әбду-Әлі. Түркологияға кіріспе : оқу құралы / Ә. Қайдаров. – Алматы : Мектеп, 1985. – 166 б. «Түркологияға кіріспе» оқу құралының негізгі мақсаты – бағдарламада көрсетілгендей: студенттерге түркі тілдерінің зерттелу тарихынан, олардың топтастырылуы мен өзара жіктелуі жайынан мағлұмат беру, әрбір түркі тілінің өзіндік ерекшеліктерімен таныстыру, олардың бір-бірінен алыс-жақындығын ажырата білуді үйрету
2-БӨЛІМ: Түркі тілдеріне арналған зерттеулер. Бұл бөлімде көне түркі тілі – қазіргі түркі халықтарының, оның ішінде қазақ тілінің түп негізі саналатын тілге арналған зерттеулер қойылған. Көрменің бұл бөлімінен 19-20 ғғ. Н.А. Баскаковтың А.С.Аманжоловтың, Ғ.Айдаровтың, т.б. ғалымдардың көне түркі тілдеріне, жазбасына арналған еңбектері орын алған.
3-БӨЛІМ: Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Көрменің бұл бөлімінде Қазақстан Республикасының тіл саясатына, Қазақстанды мекендейтін ұлт-ұлыстардың тілдеріне арналған кітаптар орналастырылған.
4-БӨЛІМ: Қазақ тілі білімінің мәселелері. Көрменің қомақты бөлігін қазіргі қазақ тіл біліміне, қазақ тілінің өзекті мәселелеріне арналған І. Кеңесбаев, С. Исаев, Р. Сыздықова, Ы. Маманов сияқты отандық көрнекті ғалымдардың зерттеу кітаптары қойылған. Бір қатар кітап – тілші ғалым, университетіміздің ректоры Ж. Түймебаевтың «Алтаистиканың тарихи-лингвистикалық негізі», «көне түркі жазба ескерткіштері тілінің морфологиялық жүйесі», т.б. еңбектері.
5-БӨЛІМ: Тіл қазынасы – ескі сөз. Көрменің бұл бөлімінде кітапханамыздың сирек және құнды кітаптар мен қолжазбалар қорынан шығарылған араб, латын қарпімен, кириллицамен жазылған ескі басылымдар орын алды.
6-БӨЛІМ: Тіл – әлем жылнамасын сақтаушы құрал.«Тіл – жазба жәдігерлерде таңбаланбаған әлем жылнамасын сақтаушы құрал» деп ақын, ғалым Олжас Сүлейменовтің нақыл сөзі келтірілген көрменің бұл бөлігінде ҚСРО ҒА Шығыстану институты 1959-1969 жж. дайындап шығарған шетелдік Шығыс пен Африка тілдеріне арналған очерктер топтамасы жинақтап қойылған. Бұл топтамада Азия Африка елдерінің пушту, урду, бенгал, фарси-кабули сияқты түрлі тірі тілдері мен қатар Шығыс халықтарының өмірінде үлкен мәдени-тарихи рөл атқарған авеста, пали, копт сияқты өткен көне замандардың өлі тілдері де сипатталады. Мысалы М.Дорофееваның «Язык фарси-кабули» атты ғылыми очеркі «Ауғанстанның парсы тілі» деп аталып кеткен, қазіргі заманғы тәжік және иран тілдерімен қатар бір-біріне ең жақын саналатын иран тілдер тобына жататын фарси-кабули тіліне арналған. «Кабули» деген термин ғылыми әдебиетте «Кабул қаласының диалекті» ретінде қалыптасқан.
Келесі тұрған кітап Н. Дворянковтың «Язык пушту» деген очеркі Ауғанстанның мемлекеттік тілі – пушту тіліне арналған. Пушту – үндіеуропалық тілдер семьясына кіретін иран тілдерінің шығыс тобына жатады. Пушту тіліне ең жақын тілдер – памир тілдері. Сондықтан келесі белгілі шығыстанушы-лингвист ғалым Т.Н. Пахалинаның «Памирские языки» (1969 ж.), «Ишкаимский язык» (1959 ж.), «Сарыкольский язык» (1966 ж.), «Ваханский язык» (1976 ж.) деген кітаптары памир тілдеріне жататын шугнан-рушан тілдік топ пен вахан, ишкаим, сарыкөл, т.б. тілдерін зерттеуге арналған. Памир тілдері әдетте – Памир тауларын мекендейтін халықтардың жазуы жоқ тілдері.
7-БӨЛІМ: Әлем тілдері. Әлемде кең тараған тілдер испан, итальян, португал, неміс және т.б. батыс тілдерінің және араб, корей, жапон, қытай, т.б. шығыс тілдеріне арналған кітаптар мен монографиялар қойылған.
8-БӨЛІМ: Тіл мәдениеті. Соңғы стеллаждатіл және мәдениет, тіл және этнос тақырыбындағы монографиялар мен қазақ тілі, қазақ тілі тарихы бойынша университет қабырғасында 1949 жылдан бастап қорғалған таңдаулы диссертациялар топтамасы қойылған.
Виртуалды көрмені осы жерден көре аласыздар
Қазақ әдебиеті газетінде шыққан мақаланы осы жерден оқысаңыз болады.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті газетінде шыққан мақаланы осы жерден оқысаңыз болады