Сырым Әуезханмен шығармашылық кездесу

 Әл-Фараби кітапханасында Ұлттық кітап күніне орай белгілі айтыскер ақын Сырым Әуезханмен мазмұнды әрі тағылымды кездесу өтті.

Шара барысында ақын оқырмандармен еркін форматта пікір алмасып, айтыс өнерінің қыр-сыры, сөз құдіреті, ұлттық рух пен рухани құндылықтардың қоғамдағы орны туралы кеңінен ой бөлісті.

       Кездесу аясында қатысушылар ақынға сұрақтарын қойып, оның шығармашылық жолы, айтыс өнеріндегі тәжірибесі және қазіргі қазақ поэзиясының даму бағыттары жөнінде жан-жақты мағлұмат алды. Сонымен қатар, жастар тарапынан қойылған сұрақтар шараның мазмұнын одан әрі байытып, ашық диалог алаңына айналуына ықпал етті.

       Іс-шараның негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін насихаттау, ұлттық әдебиет пен айтыс өнеріне қызығушылықты арттыру, сондай-ақ оқырмандар мен шығармашылық тұлғалар арасындағы байланысты нығайту болды.

      Кездесу соңында университетіміздің жас ақындары Елсияр мен Абылай арнау өлеңдерін оқып, шараның рухын одан әрі көтеріп, кездесуді ерекше әсерлі сәтке айналдырды. Жас ақындардың суырыпсалма өнері жиналған қауымды тәнті етіп, залда ерекше шығармашылық атмосфера қалыптастырды.

      Өз кезегінде Сырым Әуезхан да қарап қалмай, суырыпсалма айтыс үлгісінде өзінің ақындық шеберлігін танытып, тыңдарманды тамсандырған еткен әсерлі шумақтарымен жауап қатты. Ақынның ұтқыр ойы мен тапқыр сөздері кездесудің шарықтау шегіне айналып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

      Осылайша, рухани-танымдық кеш шынайы шығармашылық атмосферада, өнер мен сөздің үйлесімінде жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Яндекс.Метрика