Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған поэзиялық кеш

Әл-Фараби кітапханасында қазақтың көрнекті ақыны, поэзия падишасы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына және кітапхана жанынан құрылған Farab оқырмандар клубының 2 жылдығына орай «Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!» атты поэзиялық кеш ұйымдастырылды.

Тағылымды кеш барысында Farab оқырмандар клубының мүшелері мен белсенді студенттер ақиық ақынның сырлы да терең өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Атап айтқанда, «Поэзия», «Бақыт», «Арыз жазып кетейін» және басқа да бірқатар танымал шығармалар көрермен жүрегіне жол тартты.
Сонымен қатар, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған, халықтың сүйікті әндеріне айналған «Сенің көзің», «Сен көріктісің», «Бақыт деген» әндері әуелеп, ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін әсерлі сахналық қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Кеш соңында көрермендер арасынан шыққан өнерпаздар ақынның өлеңдерін өз еріктерімен мәнерлеп оқып, шығармашылық шеберліктерін көрсетті. Ал арнайы шақырылған қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, құттықтау сөздерін арнап, кештен алған әсерлерімен бөлісті.
Ерекше форматта ұйымдастырылған поэзиялық кеш жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар мен қонақтардың зор ризашылығына ие болды.

Яндекс.Метрика