«Киелі кимешек» тақырыбындағы мәдени-этнографиялық іс-шара

Әл-Фараби кітапханасында ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының» академигі, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф, ақын, қаламгер-журналист Ғалия Қайдауылқызымен тағылымға толы кездесу өтті.
Мемлекет басшысының ұсынысымен Наурызнама деп аталған он күндік іс-шараның 18 наурызы – Ұлттық киім күні боп белгіленді. Елі-міздің барлық өңірінде ұлттық киімімізді насихаттауға бағытталған түрлі шаралар жоспарланған. Іс-шараның мақсаты – ұлттық құндылығымызды, ұлттық болмысымызды сақтап тұратын ұлттық киімдерімізді дәріптеу. Ұлттық киімді насихаттау арқылы жастардың бойына патриоттық сезім ұялату, өткенді жаңғыртып, өшкенді жандыру жолында бар күш-қуатымызды сарп ету. Ақыл-ойымызды, қуатымызды, жүрегімізді, алған білімімізді ұлтымыздың ұлы мұраты жолында жұмсауға аянбай еңбек ету.
Әл-Фараби кітапханасының ҚазҰУ түлегі, этнограф, ғалым Ғалия Қайдауылқызымен бұл кешті өткізуінің де үлкен мәні бар. Әдемі кештің қонағы Ғалия апайымыз ұлттық бас киім – кимешекті зерттеуші. Бұл тақырыпта «Киелі кимешек» монографиялық зерттеуін әзірледі. Ғалия Қайдауылқызын қазақ әйелдерінің эталоны деп те атайды. 25 түрлі кимешектің әрқайсысына 25 түрлі атау берген. Айта кететін жайт, Ғалия Қайдауылқызы «Киелі кимешек» еңбегінен бөлек «Сөз дауа», «Жүректегі тәтті мұң», «1001 түйін», «Мыңнан бір түйін» кітаптарының авторы.
Бүгінгі кездесуде этнограф киелі бас киім кимешектің ұлт тәрбиесіне, қыз тәрбиесіне, әйел мәселесіне тікелей байланысты екендігін тілге тиек етті. Жастық шағы, туған жері, студенттік кезеңі жайлы айтып, өмірден көрген-түйгендері жөнінде әңгіме өрбіді. Өлеңдерімен барша жұрттың жүрегін сусындатты.
Іс-шараны кітапхана директоры Жадыра Айдынғалиқызы кіріспе сөзбен ашып, ұлт мәдениеті мен ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген шеберлер мен өнерпаздарды Ұлттық киім күнімен құттықтады. Абай атамыз: «Киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады»,-деген. Қазақ әйелдерінің киім кию үрдісінде бас киімнің маңызы ерекше екендігі даусыз.
Модераторлық тізгінді Ақпараттық қызмет басқармасының басшысы Жаманкөзева Ақмарал Аманкелдіқызы қолға алды.
Мәдени-этнографиялық кездесуге ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, кәсіби әншілер Айткүл мен Қанат Құдайбергеновтер отбасы қатысты. Ғалия Қайдауылқызының сөзіне жазылған «Ақ кимешек» әнімен қоса тағы бірнеше әнді нақышына келтіре орындады. Рамазан айының құрметіне кәде-сый ретінде дәстүрлі Жарапазан жырын айтты. Абай атындағы ҚазҰПУ-дан арнайы ат басын бұрып келген Інжу бойжеткеннің гитараның сүйемелдеуімен шырқаған әуендері әсем салтанат құрды.
Тағылымға толы, тәрбиелік мәні бар бұл кездесу – қазақ халқының этнографиясы, дүниетанымы, салт-дәстүрі, қолөнері өте құнды, жоғары екендігін ұқтырды.
Әуезді ән мен әсерлі әңгімеге толы әдемі кештің соңында кітапхана директоры қазақтың салты бойынша қонақтарға шапан жауып, сый-сыяпат көрсетті, алғыс хаттар табыстады. Ғалия апай рухани азықпен сусындатып қана қоймай, өзінің «Сөз дауа» кітабын сыйға тартты. Кітапхана қоры тағы бір асыл-маржанмен толықты.
Кездесуге университет оқытушылары, кітапхана қызметкерлері және тарих факультетінің студенттері қатысты. Қонақтармен еркін сұхбаттасу орнап, оқырмандар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Университет оқытушысы, ақын Әбенов Болат Құсайынұлы кештен алған әсерімен бөлісті. Кеш соңында қонақтар естелікке суретке түсті.

Яндекс.Метрика