Әл-Фараби кітапханасында Академик ӘБДУӘЛИ ТУҒАНБАЙҰЛЫ ҚАЙДАРДЫҢ туғанына 100 жыл толуына арналған «МӘДЕНИЕТ – ӨРКЕНИЕТ – ЖАҺАНИЯТ КОНТЕКСІНДЕГІ ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ: ТІЛ, ЭТНОС, ҚОҒАМ» тақырыбында халықаралық конгресс өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері, Түркияның «Türk Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті мүшесі, Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымының докторы, профессор, аса көрнекті түркітанушы-лингвист академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың туғанына 100 жыл толуына арналған Халықаралық конгресс жұмысында ғалымның ғылыми мұрасынан бастау алатын қазақ тіл біліміндегі тіл білімі мен түркітанудағы жаңа ғылыми парадигмалар талқыланатын болады.
Халықаралық конгресс жұмысына қоғам қайраткерлері, қазақ тілтанымы, түркітану, филология, лингвистика бойынша отандық және шетелдік ғалымдар, сондай-ақ жазушылар мен БАҚ өкілдері қатысады. Осыған орай кітапхана қорынан кітап көрмесі дайындалды, көрме 4 бөлімнан тұрады:
- Ғылымдағы ғұмыр ғибраты
- Төрткүл дүниеге танымал тюрколог
- Академик Ә.Қайдаровтың ғылыми мұрасы
- Түбі бір түркі тілі
Ғылымдағы ғұмыр ғибраты. Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар — қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті мүшесі (1989), Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті (2004), ҚР БжҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында көп жыл қызмет еткен ғалым. Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол саналы ғұмырын тіл білімі саласына арнады. Көрменің бұл бөліміне Әбдуәли Қайдар туралы мәліметтер қойылды. Өнегелі өмір, библиогафиялық көрсеткіш, және әр жылдары жарық көрген мақалалар.
Төрткүл дүниеге танымал тюрколог .Ә.Қайдар – жарты ғасыр бойы қазақ және ұйғыр тілдері мен жалпы және салыстырмалы түркітану мәселелерін зерттеумен шұғылданды. Оның жалпы түркітану ғылымына, оның ішінде, әсіресе, қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі жеке монография, оқулық, сөздік, жинақ, мақала түрінде 400-ден астам (жалпы көлемі 600 б.т.) ғылыми зерттеулерде көрініс тапты.
Академик Ә.Қайдардың ғылыми мұрасы. Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі оның жариялаған лингвистикалық проблемалардың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көрінеді. Солардың ішінде жеке кітап түрінде жарық көрген монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтары мен кітапшаларының жалпы саны – 52. Ә.Қайдар – лексикография саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан ғалым, бүгінгі көрмеге: «Уйгурско-русский словарь» (1961), «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (авторлардың бірі) (1966), «Қазақша-орысша бір буынды түбірлер сөздігі» (1986), «Тысяча метких и образных выражений: казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями» (2003), «Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу)» (2004) және «Қазақтар ана тілі әлемінде 1-том. Адам» атты этнолингвистикалық сөздігі және т.б. еңбектерін атап айтуға болады. Академик Ә.Қайдар – қазақ этнолингвистикасының негізін салушы ғалым.Сондай ақ: «Адам» (1 т.), «Қоғам» (2 т.), «Табиғат» (3 т.) атты 3 томдық этнолингвистикалық сөздік қойылды. Бұл еңбектер келешек ұрпаққа ұлттық қасиеттерімізді басқа бұлақтардан емес, тек тіл бастауынан ғана сусындап білуге көмектесері сөзсіз.
Түбі бір түркі тілі. Академик Ә.Қайдар – тіл білімі бойынша ғылыми кадрлар дайындауға да ерекше көңіл бөлген ғалым. Оның ғылыми жетекшілігімен филология ғылымдары бойынша диссертация қорғаған 17 ғылым докторы мен 75 ғылым кандидаты Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ елімізден тыс мемлекеттерде (Мәскеуде, Уфада, Абаканда, Нүкісте, Ташкентте, Нальчикте, Кемеровте, Бішкекте, МХР-да, ҚХР-да т.б.) жемісті еңбек етіп жүр.