Әл-Фараби атындағы кітапханада қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай жазушылардың Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерімен шығармашылық кездесуі өтті. Әбдіжәміл Нұрпейісов – әдебиеттегі бүтін бір дәуірді бейнелейтін есім және оның шығармалары оқырмандардың жүрегін шабыттандырып, толғандырады.
Кездесуге әр түрлі елдерден Ив Готье (Франция), Хуршид Даврон (Өзбекстан), Бахтияр Қойчуев (Қырғызстан), Раушан Бүркітбаева-Нүкенова (Қазақстан) Икрами Өзтуран (Түркия), Георгий Владимирович Пряхин (Ресей), Низами Мамедов Тагисой (Әзірбайжан), Далмира Тілепберген (Қырғызстан) және т. б. ақын-жазушылар, журналистер, әдеби сыншылар мен аудармашылар қатысты.
Кездесуде қатысушыларға университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сәбит Суатай құттықтау сөз сөйлеп, Әбдіжәміл Кәрімұлының алдымен Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, бір жыл оқығанын, содан кейін Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына ауысып, оны 1956 жылы бітіргенін мақтанышпен атап өтті.
Кездесудің модераторы белгілі жазушы-журналист, Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин болды. Б. Ғабдуллин қазақ әдебиеті классигінің шығармашылығы туралы қысқаша айтып берді.
Әрі қарай студенттер – болашақ филологтар мен журналистер, қонақтардың шығармашылығы, Ә. Нұрпейісовтің тұлғасы, әр елдің әдеби өмірі, әдебиеттегі жаңа үрдістер, шабыт пен жазушылық жұмыс және т. б. туралы сұрақтарын қойып, қонақтардың қызықты, мазмұнды жауаптарын тыңдады.
Қонақтардың бірі, әзірбайжан жазушысы, филология ғылымдарының докторы Низами Мамедов Тагисой кездесу соңында Әл-Фараби атындағы кітапханаға өзінің кітаптарын – «Қобыланды батыр» қазақ эпосының әзірбайжан тіліне аудармасы, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің, Әзірбайжан әдебиетінің классигі Имаддедин Насимидің шығармашылық жолына арналған монографияларын және басқа да еңбектерін сыйға тартты.
Кездесу соңында ҚР ҒжБМ ҒК М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының халықаралық байланыстар және әлемдік әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма мүшесі Светлана Викторовна Ананьева сөз сөйледі. С.В. Ананьева Ресеймен, Беларусьпен, Франциямен, Түркиямен халықаралық әдеби ынтымақтастық туралы, оның «Қазақстан әдебиеті шетелдік дереккөздерде» және «Қазақстан әдебиетін шетелдіктердің қабылдауы» атты жаңа ғылыми жинақтардың беттерінде көрініс тапқанын айтып берді. Сөз соңында С. В. Ананьева шығармашылық кездесуге келген барлық қатысушыларға алғысын білдірді.