«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы — тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тілі үшін күрескен, Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты.
Тіл – халықтың баға жетпес байлығы, ол ұлттардың бірігуі мен тату болуына ықпал етеді. Ана тіліміз – тәрбие құралы және адамдардың тілдік қарым-қатынасын байланыстыратын болмыс өзегі. Тілдер күні – Қазақстанның азаматтар достығының, туыстық пен бірлігінің белгісі, ал халықтар достығы, өзара түсіністік пен ынтымақтастық – мемлекет құрылысының басты тірегі.
Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты: Қазақ тілінің түп негізі саналатын түркі тілінің, жазуының көне жазба ескерткіштерінен бастау алатын терең тарихымен таныстыру арқылы қазіргі қазақ тілінің мемлекеттік тіл, ұлтаралық тіл ретіндегі зор әлеуетін көрсет, сондай ақ отандық тілші ғалымдардың іргелі жұмыстарымен таныстыру арқылы мемлекеттік тілді білуді, оны құрметтеуді, үйренуді насихаттау. Кітапхана қорындағы қазақ тілін, түркі тілдер тарихын зерттеуге, қазақ тіл біліміне, тіл мәселелеріне арналған оқу, ғылыми әдебиеттермен таныстыру.
Көрме бөлімдері:
- Тіл-әлем жылнамасын сақтаушы құрал.
- Тіл ғұмыры-ұлт ғұмыры.
- Қазақ тіл білімі ғылымының қалыптасуы мен дамуы.
- Тілге құрмет-елге құрмет.
- ҚазҰУ ғалымдарының тіл біліміне қосқан үлестері.
Тіл-әлем жылнамасын сақтаушы құрал. Көрмеге кітахана қорындағы көне түркі жазба ескерткіштерінен бастап қазіргі қазақ тіліне, тіл біліміне, Қазақстандағы тіл саясатына арналған 200-ге жуық астам құжат қойылды, оның ішінде сирек және құнды кітаптар мен қолжазбалар қорынан шығарылған кітаптар және қазақ тілінің өзекті мәселелері бойынша университетімізде қорғалған диссертациялар бар. Сонымен қатар, бұл бөлімде 1975-2017 жж. «Ғылым» баспасынан шыққан «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» атты 11 томдық кітап топтамасы орын алған. Тағы бір көптомдық – «Қазақ қолжазбалары» (2011-2013 жж.), топтамада қазақ әдебиет үлгілерінің қолжазба мәтіндері басылған.
Тіл ғұмыры-ұлт ғұмыры. Қазақстан – көпұлтты мемлекет, бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Мемлекет құраушы ұлт – қазақтар, олардың үлесі жетпіс пайыздан асады. Сондай-ақ орыстар, татарлар, өзбектер, украиндар, грузиндер, армяндар, шешендер, ингуштер, беларусьтер, кәрістер, қырғыздар және тағы басқалары тұрады. Елімізде 100-ден астам ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді. Бұл бөлімге осы аталған тілдерге байланысты кітаптар қойылды.
Қазақ тіл білімі ғылымының қалыптасуы мен дамуы. Көрменің қомақты бөлігін қазіргі қазақ тіл біліміне, қазақ тілінің өзекті мәселелеріне арналған І. Кеңесбаев, С. Исаев, Р. Сыздықова, Ы. Маманов, т.б. белгілі отандық көрнекті ғалымдардың зерттеу кітаптары қойылған.
Тілге құрмет-елге құрмет. Көрменің бұл бөлімінде қазақ тілінің мемлекетік тіл ретіндегі орнына, міндеттеріне, өзекті мәселелеріне, оның ішінде латын графикасына көшу мәселесіне, жалпы Қазақстан Республикасының тіл саясатына арналған «Мемлекеттік тіл – ұлттық бірегейліктің негізі», «Латын әліпбиі: талқы, халықаралық тәжірибе және нәтиже», «Тәуелсіз Қазақстан: қазақ тілінің қоғамдық әлеуметтік қызметі», т.б. кітаптар орналастырылған.
ҚазҰУ ғалымдарының тіл біліміне қосқан үлестері. Соңғы бөлімге ҚазҰУ-дың филология факультетінің оқытушы құрамының енбектері қойылды.