Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен түркі әлемі елдерінің кино және медиа факультеттерінің студенттеріне арналған Farabi Film Festival өтті.
ТҮРКСОЙ түркі әлемінде құрылған алғашқы ынтымақтастық ұйым. Ол 1993 жылы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркия Республикасының мәдениет министрлері қол қойған келісім бойынша құрылған. Ұйымның басты мақсаттарының бірі Ұлттың тарихын, ана тілін, әдебиетін, мәдениеті мен өнерін, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін болашақ ұрпақтарға мұра ету үшін жағдай жасау. Сондықтан ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы қолдап, аталмыш іс-шара ұйымдастырылды.
Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты: Қонақтарды, ОҚП, студенттерді кітапхана қорындағы түркі әлемі елдерінің кино мен медиа тақырыбына байланысты әдебиеттермен, қазақ киносы мен қазақ сахнасының шеберлері жайында баяндалған еңбектермен таныстыру.
Көрме бөлімдері:
- «Қазақ сахнасының шеберлері»
- «Кино өнерінің майталмандары»
- «Киноның бүгіні мен ертені»
- «ҚазҰУ профессорлық құрамының еңбектері»
Қазақ сахнасының шеберлері. Қазіргі қазақ кәсіби театрының тарихы 19 ғасырдың 2-жартысынан басталады. 1859 жылы Оралда, 1869 жылы Орынборда, 1875 жылы Омбыда орыс драма театрларының негізі қаланып, жұмыс істей бастады. 1890 жылы Семей қаласында “Музыка мен драмалық өнер әуесқойларының қоғамы” ұйымдастырылды. Алғашқы драм. шығармаларда Г.Д. Гребенщиков “Жақсы жігіт” пьесасының (1907) сюжетін қазақ тұрмысына құрса, Н.П. Анненкова-Бернар ұлттық дастан негізінде 1908 жылы “Бекет” атты драма жазып, кейін оны сахнаға шығарды. 1911 – 12 ж. Шымкент, Ақмешіт (Қызылорда), Ақмола (Астана), Қостанай, Петропавл, Орал мен Семей қалаларында ойын-сауық үйірмелері ұйымдаса бастады. Алғашқы кезде қойылған спектакльдердің көпшілігін сахнада қойған Шанин мен Аймауытов болды. Қазақ театрының өнерінің қалыптасып даму кезеңі спектакльдерде натуралистік, әлеуметтік-тұрмыстық және фольклорлық-этнографиялық бояудың қатаң сақталуымен, халық әндерін мол пайдалануымен ерекшеленеді. Көрменің бірінші бөлімінде сахнада актерлері, шеберлері туралы еңбектер ұсынылды.
Кино өнерінің майталмандары. ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастау алатын қазақ киносы 90 жылдары келген тоқырау тұсында да тоқтаған жоқ. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында түсірілген фильмдер монтаждалып, эфирге жол тартып жатты. 90 жылдары жарқ ете қалған қазақ киносындағы жарық жұлдыздар кім еді? Олар: Тұнғышбай Жаманқұлов — Қазақстанның халық әртісі, 30 шақты фильмге түскен. Жаманқұловтың соңғы түскен фильмдерінің бірі — «Жаужүрек мың бала». Шығармашылық жетістіктері үшін әртіс ондаған жүоледермен марапатталған. Асанәлі Әшімовты кино және театр өнерінің мэтрі деп атауға әбден болады. Асанәлі Әшімов ойнаған «Атаманның ақыры» трилогиясы, «Транссібір экспрессі» және «Маньчжур нұсқасы» картиналарын көрермен өте жақсы қабылдаған. Тағдырдың ауыр соққыларына қарамастан Асанәлі Әшімов қашанда өзінің шығармашылығына адал болды, сондықтан да ол халықтың махаббатына бөленді. Сонымен қатар көрменің бұл бөлімінде 15 шақты алғышқы кино актерлары туралы кітаптар қойылды.
Киноның бүгіні мен ертені. Кино әлемі жыл сайын дамып келеді. Басында қара-ақ түсті фильмдер түрлі түске боянып, көрік ене бастағаны сол еді, асқан жылдамдықпен дамып кетті. Түрлі фантастикалық, экшн жанрындағы фильмдерге сұраныс артты. Осылайша, кино әлемінің өзінде ғаламат технологиялардың озық үлгісін көре бастадық. Бұл бөлімде әлемдік киноиндустрияның бүгіні мен ертенің сөз ететін әдебиеттер ұсынылды.
ҚазҰУ профессорлық құрамының еңбектері. Көрменің соңғы бөлімін ҚазҰУ оқытушы-профессорлық құрамының медиа, кино саласына байланысты жазған еңбектері ұсынылды. Сонымен қатар Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында шыққан 100 кітаптың кино және театр саласына байланысты еңбектер ұсынылды.