Әл-Фараби кітапханасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай ғалым-тарихшы, профессор Төреғали Қаратаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Қазіргі Қазақстандағы ұлттық бірегейлік: тарихи тамыры және қазіргі тенденциялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Төреғали Қаратаев – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, тарих, археология және этнология факультетінің құрметті түлегі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор. Білім, ғылым, қазақ мәдениеті, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы деген мағыналы мәселелерге үлкен құрметпен қарап, жазған еңбектерінің аясы кең құрметті Ұстаз. Еңбектерінің біразы аталмыш ісшараға арналған көрмеге қойылып, оқырман назарына ұсынылды.
Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты: Қонақтарды, ОПҚ, студенттерді кітапхана қорындағы профессор Төреғали Қаратаевтың еңбектерімен, «ұлттық бірегейлік» тақырыбына шығарылған ұлт ретінде сипат беретін ұлттық тарих, эпос, өнерге арналған, ұлтқа тән нақыштарды қамтитын еңбектерден жинақталған кітаптармен таныстыру.
Көрме бөлімдері:
- «Ұлттық бірегейлік»
- «Төреғали Қаратаев 90 жаста»
«Ұлттық бірегейлік». Ұлттың тарихымен және өмір сүру тәжірибелерімен байланысты, қоғамының ерекшеліктерін айқындап отыратын ұлттық құндылықтар, ұлттың мәдениеті, дәстүр, ұлттың ділі, бір сөзбен айтқанда ұлттың табиғи ортасына сай өмір сүрудегі қол жеткізген тәжірибелеріне қатысты еңбектер оқырман назарына ұсынылды.
«Төреғали Қаратаев 90 жаста». Бұл бөлімде Төреғали Қаратаевтыңтүрлі баспалдақтардан өту жолындағы кезеңдері бүге-шігесіне дейін баяндалатын және көп жыл жолдастықпен, қызмет бабымен аралас болған қоғам қайраткерлері туралы көргендері мен көңілге түйгендерінен философиялық ойлар өрбіткен «Іздедім»; бұрынғы кеңес мемлекетінің құрылу тарихы, 1905-1907 жылдардағы, 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістерінің, Ұлы Отан соғысына дейінгі қайғы мен қасіретке толы тұтас бір кезеңдегі өміріміздің, әсіресе қазақ топырағындағы «ақтандақтардың» ащы тұстарын ашық әңгімелейтін, бұлтартпас деректер мен дәлелдер келтірген «Жүз жылдың ақ-қарасы» сынды; көңілдің түрлі сәттері мен сезім толғаныстарынан туған өлең шумақтары бар жырқұмар қауымды жылы әсерлерге бөлейтін еңбектері көрмеге қойылды.