Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында «Шалқар» радиосының директорыБолатбек Төлепбергеннің 50 жасқа толған мерейтойына арналған «Тұрақты даму мақсаттары аясындағы журналистика және баспа ісі: дәстүр және жаңашылдық» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты: іс-шараға қатысушыларды, қонақтарды, студенттерді Болатбек Төлепбергеннің еңбектерімен және радиожурналистика саласындағы кітаптармен таныстыру
Көрме бөлімдері:
- «Болатбек Төлепберген 50 жаста»
- «Болатбек Төлепбергеннің еңбектері»
- «Радиожурналистика негіздері»
«Болатбек Төлепберген 50 жаста». Болатбек Төлепберген Көрпебайұлы 1974 ж. Жамбыл облысы Сарысу ауданы «Жайылма» ауылында дүниеге келген. 1991 жылы ауылдағы орта мектепті күміс медальға бітіріп, 1991-1996 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тамамдаған. Ұлт мәдениеті мен тарихына қатысты бірнеше халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференциялар мен дөңгелек столдарды ұйымдастырушы. Оның ішінде Алашқа қатысты конференциялар, Дәстүрлі музыка орындаушыларының республикалық I-ші құрылтайы, репрессия, желтоқсан және оралмандар мәселелеріне орайғы дөңгелек столдар бар.
«Болатбек Төлепбергеннің еңбектері». Ұлттық мәселелер, тарихи ақтаңдақтар және демократия принциптері турасында өз авторлығымен және құрастыруымен он бес кітапты жарыққа шығарған. 2004 жылы «Көшкен күннің бояуы» публицистикалық кітабы, 2006 жылы «Біз білмейтін желтоқсан» кітабы, 2006 жылы «Желтоқсан-86» он томдық естеліктер, құжаттар, мақалалар жинағы» (құрастырушы авторы), 2007 жылы «1937-2007:Тауқымет пен тағзым» жинағы, 2008 жылы «Мәңгі жас Алаш идеясы» кітабы, 2009 жылы «Ұлтым деп соққан жүректер» жинағы, 2010 жылы «Желтоқсан қарлығаштары» кітабы, 2011 жылы «Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры» кітабы, 2012 жылы «Қасиеттім-Желтоқсан!» және 2015 жылы «Біз осы не бітіріп жүрміз?» кітаптары жарық көрді. 2008 жылы оның жетекшілігімен елдегі оралман ағайындар жайлы «Сүйікті менің отаным» атты деректі фильм көрерменге жол тартты.Сондай-ақ көрмеге БАҚ-да жарияланған мақалалары қойылды.
«Радиожурналистика негіздері». Радио қазіргі заманғы қуатты бұқаралық ақпарат құралының бірі, тұрмыста кеңінен қолданылатын, адамдардың өмір сүруіне, ақпарат алуына жәрдемдесетін қалыптасқан жүйе болып орнықты. Радионың басқа да бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысы туралы сөз қозғалғанда, алдымен оның міндеттері сараланып шығады. Бүгінгі БАҚ жүйесі жетіліп, қалыптасқан жағдайда оны төмендегідей тұжырымдауға болады :радио ақпарат таратады, құлақтандырады; телевизия оқиғаны, болмысты көрсетеді; газет-журнал деректі, оқиғаны талдап, түсіндіреді; интернет ақпаратты сан қырынан көрсетеді.