Бауыржан Өміржанұлы Жақып 60 жаста

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында көрнекті ақын, ұстаз-ғалым Бауыржан Жақыптың 60 жасқа толған мерейтойына арналған «Баспа ісі және әдеби үрдіс: қаламгер – редактор – оқырман» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция жұмысына белгілі ғалымдар, қаламгерлер, БАҚ басшылары, ҚазҰУ-дың оқытушы профессорлары мен білім алушы жастары қатысты. Түркия, Қырғызстан ғалымдары мен еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары шараға онлайн қатысып, ой-пікірлерін білдірді.

Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты: Оқырмандарға, қонақтарға, конференция қатысушыларға кітапхана қорынан ақын, ұстаз Бауыржан Жақыптың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, оның шығармалары мен мерзімді басылым беттеріндегі мақалаларымен таныстыру

Көрме бөлімдері:

  • Ақын. Ғалым. Баспагер.
  • Бауырмал жырдың бұлағы
  • «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан

Ақын. Ғалым. Баспагер. Бауыржан Жақып — 1963 жылы 1 мамырда бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Аққора ауылында туған. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын Қазақ теледидарының әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында, одан кейін «Жалын» кітап баспасында редактор болып бастады. Қазақ теледидарында қызмет атқарған кезінде «Дидар» әдеби телеальманахын, «Халық қазынасы», «Жыр жазамын жүрегімнен», «Сұхбат» хабарларын әзірлеп, жүргізді. «Айтыс» хабарын жасауға қатысты. «Алатау» телеарнасы арқылы «Өлең – сөздің патшасы», «Баспасөзге шолу» циклді хабарларын жүргізді.

Бауырмал жырдың бұлағы. «Аудитория» (1984), «Баспалдақтар» (1987), «Бір кеменің үстінде» (1987), «Парус времени» (1987), «Аралым – арым, Балқашым – бағым» (1988), «Көзімнің нұры» (1990), «Айдындағы аспан» (1996), «Мұхтар Әуезов – публицист» (1997), «Ақ лақ» (1997), «Қолтаңба» (2001), «Уақыт ұршығы» (2004), «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» (2004), «Публицистикалық шығармашылық негіздері» (2007), «Қызыл қайың» (2008), «Абайдың Қасқабұлағы» (2012), «Еліккөрген» (2013), «Менің далам» (2014), т.б. кітаптары жарық көрді. Таңдаулы жырлары «Екі мың жылдық дала жыры» (2000) антологиясына, «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының антологиясына (2015) енгізілген. Шығармалары орыс, түрік, украин, македон, түркімен, қырғыз тілдеріне аударылды.

«Қазақ энциклопедиясы» баспасынан. 2009 жылдан бастап «Қазақ энциклопедиясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры болды. Көрменің бұл бөліміне бауыржан Жақыптың редакциялауымен әр жылдары шыққан энциклопедиялар қойылды. Сондай ақ іс шара барысында автор «Жүректен қозғайын», «Жан дауысы», «Білте шамның жарығы», «Абайдың қасқабұлағы» атты кітаптарын кітапхана қорына тарту етті.

Яндекс.Метрика