Темірбек Жүргеновтың туғанына 125 жыл

Әл-Фараби кітапханасында «Т.Жүргеновтің рухани мұрасы және білім беру саласының тұрақты даму мақсаттары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған іс-шара оқу ордасының негізін салушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, халық ағарту комиссары Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 125 жылдығына арналды.

Жиынға зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар, университет басшылығы, оқытушылар мен профессорлар, білім алушы жастар қатысты. Конференцияның мақсаты – Т.Жүргеновтің өмірі мен рухани мұрасын кеңінен дәріптеу, оның Орта Азия мен Қазақстанның ғылымы мен білімін, мәдениеті мен өнерін дамытудағы еңбегін жаңаша зерделеу.

Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты: Оқырмандарға, қонақтарға, конференция қатысушыларға кітапхана қорынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, оның шығармалары мен мерзімді басылым беттеріндегі мақалаларымен таныстыру

Көрме бөлімдері:

  • «Елі үшін туған ер»
  • «Өнер мен білімнің қара нары»
  • «Ұлылықтың үлгісі»

Елі үшін туған ер. Темірбек Қараұлы Жүргенов – қоғам қайраткері. Оның есімі тек қана қазаққа ғана емес, барлық түркі жұртына мәлім. 1917 жылы Уфа қаласындағы жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Сонда оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене ат салысады. Кейін Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Жоғары оқу орындарына арналған саяси экономия және құқықтану пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударған. Бұл бөлімде Жүргенов туралы ктаптар, мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалар, фотосуреттер қойылды.

Өнер мен білімнің қара нары. Темірбек Жүргенов – тек өнер саласына ғана емес, білім беру ісін өркендетуге де зор қызмет қылған үлкен тұлға. Оның «Годы работы Казахского высшего педагогического института» (Ташкент, 1928 г.), «За ликвидацию недочетов в работе школе» (Большевик Казахстана, 1935, №4), «Задачи школ Казахстана в новом учебном году» (Большевик Казахстана, 1935, №9), –  тізе берсе көп-ақ, –  осындай мәні үлкен т.б. еңбектері бұған нақты дәлел.

Ұлылықтың үлгісі. Темірбек Жүргенов – жан-жақты білім иесі, ұлттың ұлт болып қайта қалыптасуына, өзгелермен терезесі тең іргелі ел болуына барын салып, сол жолда жанын пида еткен ұлы тұлғалардың бірі еді. Ұлтты ұлт ететін басты критерий – тіл. Жалынды, жігерлі, жан-жақты білімді, жайшылықта көп сөйлемейтін, шешуші кезде ауыздыға сөз бермейтін шешен Темірбек Жүргенов Тәжікстан, Өзбекстан республикаларындағы үлкен қызметтерде болып, Қазақстанға қайтып оралысымен оқу-ағарту жүйесін қолға алып, Алматы қаласынан бір жылдың ішінде 18 мектеп ашты, С.М.Киров атындағы университетті ашуды жедел түрде ұйымдастыра білді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде 7, 10 кластық мектептер, училищелер мен техникумдар жауыннан соңғы саңырауқұлақтай бой көтерді.
Күрделі кезеңде өмір сүріп, ел бақыты үшін ақтық демі біткенше күресіп өткен Темірбек Қараұлы Жүргеновтей асыл азаматын туған халқы мәңгі есте сақтары сөзсіз.

Яндекс.Метрика