Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама: оқиғалары, себептері, салдары мен сабақтары

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама: оқиғалары, себептері, салдары мен сабақтары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақ халқының тарихындағы қаралы кезеңді қамтыған бұл оқиғаға биыл – 300 жыл.

Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасы ұйымдастырған шараға белгілі қоғамтанушы ғалымдар, шетелдік және отандық тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты: оқырмандарды 1723-1727 жылдардағы Қазақстанның ең қайғылы кезеңінің тарихымен таныстыру, жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру және қазақ халқының өткен тарихына құрмет көрсету.

Көрме бөлімдері:

  • «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы
  • «Қазақстанның дербестігі үшін күрес»

Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы. 1722 жылы Қытай императоры Канси қайтыс болғаннан кейін жоңғарлар жағына төнген қауіп сейілді. Қытай мен Жоңғария арасында уақытша бейбіт келісім де болды. Содан жоңғарлардың назары қазақ даласына ауды. Жоңғарлар қалың қолмен қазақ даласына басып кіріп, мыңдаған адамды қырып тастады. Қазақ халқы үштен екі бөлігінен айырылды. Ал аман қалғандары жан-жаққа босып кетті. Сол кезде қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кете жаздады. Қорқынышты қатыгездікпен астасқан шабуылдан ел есін жинай алмай, беті ауған жаққа үдере көшуге, тіпті үй-жайын, дүние-мүлкін, малдарын тастапқашуға мәжбүр болды. Жоңғарлар тез арада Созақ, Құмкент, Саудакент секілді қазақ шаһарларын, ұзын саны 25 қаланы басып алды.
Жоңғарлардың жойқын шабуылының нәтижесінде қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуық жауынгерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлдеқайда көп болды.

Қазақстанның дербестігі үшін күрес. Бүгінгі көрмеде әл-Фараби кітапханасы қорынан энциклопедиялар мен материалдар, тарихи тұлғалар туралы еңбектер, тарихшылардың ғылыми еңбектері, сондай-ақ Ұлы апат жылдарындағы қайғылы оқиғаны бейнелейтін көркем әдебиет ұсынылған.

Яндекс.Метрика