Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ортақ түркі әліпбиінің интеграциялық рөлі: ғылыми және әлеуметтік қырлары» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шараны Халықаралық Түркі Академиясы, Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғары мекемесіне қарасты Түрік тілі қоғамы мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырды.
Форумға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаев, Ататүрік атындағы мәдениет, тіл және тарих жөніндегі Жоғары кеңестің президенті Дерья Орс, Түрік лингвистикалық қоғамының директоры Осман Мерт, ТүркПА Бас хатшысының орынбасары Сақы Садықов, Түркі мемлекеттері ұйымының ақсақалдар кеңесі төрағасының бас кеңесшісі Синан Юлкер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, түркі әлемінің жетекші ғылыми ұйымдарының тіл білімі саласындағы мамандары, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты: Қонақтарды, ОҚП, студенттерді кітапхана қорындағы түркологияға байланысты еңбектерімен, латын тілі мен латын қаріпіне және конференция тақырыбына байланысты түркологтардың зерттеу жұмыстарымен таныстыру.
Көрме бөлімдері:
- «Латын қаріптері – өмір талабы»
- «Түркі тілінің тарихы»
- «Көне түркі тілі»
- «Түркітілдес елдер»
- «Түркітілдес елдер» бөлімінің жалғасы
Латын қаріптері – өмір талабы. Латын әріптері өркениеттің жазуы ретінде өмірдің өзі талап етіп отырған басты қажеттіліктердің бірі. Бұл бөлімде латын тілі мен латын қаріптеріне қатысты қазақ, орыс, латын тілдеріндегі еңбектер оқырман назарына ұсынылды.
Түркі тілінің тарихы. Тілдерге туысқандық жақтан жіктеу жасау тіл білімі үшін берері мол. Тілдердің туыстық белгісін анықтап, олардың қаншалықты алыс-жақын екендігін көрсетіп беретін салыстырмалы-тарихи зерттеулер мен университетіміздің профессор-ғалымдарының түркология ғылымына қатысты жарық көрген кітаптары көрмеде өз орнын тапты: «Түркі халықтарының өзара ынтымақтастығының дамуы: тарихы және тарихнамасы», «История тюркской цивилизации», «Түркі филологиясының негіздері», «Еуразия тарихындағы түркі өркениетінің орны мен рөлі»
Көне түркі тілі. Түркі тілдері дамуының ішкі заңдылықтары мен тілдік құбылыстарының динамикасын ашуға бағытталған ғылыми зерттеулер жинақталған еңбектер қойылды: «Түркология», Ә. Қайдаровтың «Түркологияға кіріспе», «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі», «Түркітану» және т.б.
Түркітілдес елдер. Алқалы жиынға орай кітапхана қорындағы бар Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрік елдерінің тіліне, мәдениетіне, тарихына арналған кітаптар көрмеден өз орнын тапты.
Түркітілдес елдер» бөлімінің жалғасы. «Түркия тарапынан орын алып жатқан зерттеулер біздің елімізге ғана емес, жалпы түркі әлемінің игілігіне жарайтын заманауи, қажетті еңбектер. Ғасырлар бойы түрлі кедергілерге қарамастан үзілмеген алтын желіні ұрпақтарымызға да жалғасты болуы қажет. Осы жолдағы бірлескен еңбектеріміз бен Түрік тілінде жарық көрген «Атамзаманғы түркілер», «Түбі түркі өркениет», «Түрік шежіресі», «Түрік әлемінің мәдени атласы» энциклопедиясы, «Қазақстан», «Фараби», «Түрік жұрты», «Түріксой» атты еңбектер мен мерзімді басылымдары көпшілік назарына ұсынылды.