Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, мәдениеттанушы ғалым, қаламгер Мұрат Әуездің 80 жылдық мерейтойына арналған «Тарихи-мәдени үдерістегі сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қаласының әкімдігі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Татарстан жазушылар одағының төрағасы Зайдулла Ркайл, Татарстан халықтары ассамблеясының төрағасы Ирек Шарипов, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова қатысып, мерейтой иесін құттықтады.
Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты: Оқырмандарға, қонақтарға, конференция қатысушыларға кітапхана қорынан жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, оның шығармалары мен мерзімді басылым беттеріндегі мақалаларымен таныстыру
Көрме бөлімдері:
- Мұраттың биік мұраты
- Мұхтар Әуезов мұрасы
- Ұлы тұлға ұлағаты
- Қазіргі мұхтартану
- ХХ ғасырдың ұлы жазушысы
- Абайды танытқан Мұхтар
Мұраттың биік мұраты. Көрменің бірінші бөліміне Көрмеге Мұрат Әуезовтің әр жылдары жарық көрген еңбектері, мақалалары, ол туралы басылымдар ұсынылған: Мұрат Әуезовтің «Ділім» (Алматы, 2018) атты кітабына әр жылдардағы мақалалары, түрлі басылымдарға берген сұхбаттары, халықаралық және республикалық симпозиум-конференцияларда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері, айтқан ой-пікірлері топтастырылып беріліп отыр. Кітапта автор еліміздегі қоғамдық, саяси және әлеуметтік мәселелер, мәдени және әдеби процестер, қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайлар, жаһандану үдерісінің жай-күйі мен маңызды жақтары жайында ой білдіреді.
Мұхтар Әуезов мұрасы. Көрменің келесі бөліміне Мұхтар Әуезовтың 50 томдық толық жинағы қойылды. «Елу томдықтың мазмұны, маңызы, ауқымы, әлеуметтік салмағы жағынан қазақтың мәдениеті мен көркемдік әлемін белгілі бір белеске көтерген құбылыс ретінде бағалауға болады. Осы еңбектерден қаламгердің ойшылдық қарымы, шығармашылық ұстанымы, қоғамдық, ұлттық, рухани-мәдени мәселелерге деген көзқарасы айқын көрінеді.
Ұлы тұлға ұлағаты. М. Әуезов қазақ әдебиеті тарихындағы үлкен өмірлік, шығармашылық жолдарында зор табыстарға жетті. Жиырма жасында «Еңлік-Кебек» трагедиясын жазғаннан кейін он шақты жыл ішінде көптеген әңгіме, повесть, пьесаларымен көзге түсті. Атап айтақанда: «Қорғансыздың күні», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Көксерек», «Қыр» әңгімелері, «Жетім», «Қараш-қараш оқиғалары», «Қаралы сұлу», «Қилы заман» секілді прозалық шығармаларымен оқырман назарын бірден өзіне аударды. Көрменің бұл бөлімдеріне түрлі жылдары жарық көрген әдеби туындылары ұсынылады.
Қазіргі Мұхтартану. Бұл бөлімге Әуезов туралы зерттеулер, бүгінгі күнгі мұхтартанушы Гүлзия Прәлінің «Қазіргі Мұхтартану» еңбектер топтамасы қойылды, содай ақ әр жыл сайын өтіп отыратын «Әуезов оқулары», «Мұхтартану» конференция материалдары қойылды.
ХХ ғасырдың ұлы жазушысы. Әлемді аузына қаратқан Мұхтар Әуезов шығармашылығын Луи Арагон, Леонид Соболев, Альфред Курелла, Бенжамен Матип тәрізді дүниежүзі қа-ламгерлері аса жоғары бағалап, өз пікірлерін қалдырған. Сонымен бірге М. Әуезов шығармашылығы туралы жазылған шетелдік ғалымдардың зерттеу еңбектері де жеткілікті. Солардың бірқатары біздің көрмеде көрініс тауып, келушілер назарына ұсынылды.
Абайды танытқан Мұхтар. «Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Мұхтар Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсеткен. Әуезовтің Абай жолы роман-эпопеясына «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» деп Луи Арагон жоғары баға берген. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын дүние жүзіне танытқан үздік шығарма. Көрмеде келушілер назарына осы ұлы туындының түрлі басылымдары мен осы эпопея туралы жазылған еңбектер ұсынылды.
Көрме құжаттары: кітапхана қорынан 150-дан астам кітаптар мен мерзімді басылымдар.
Сондай-ақ әл-Фараби кітапханасында өткен іс-шараларды сілтеме арқылы көре аласыз: осы жерде