Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасының Конституциясы – жаңа Қазақстан дамуының құқықтық негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шара Қазақстан Республикасының Конституциялық соты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы қалалық сотының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты: оқырмандарды шыншылдыққа, әділдікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Ата заңға сый-құрметпен қарауға тәрбиелеу, тарихи танымын кеңейту, көрмеде Әл-Фараби кітапханасының қорынан мемлекет және құқық тарихы, Қазақстанның құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде және оның қалыптасуы туралы әдебиеттер, ҚР Конституциясы мен заңдар жинақтары, ғылыми конференциялардың материалдары және т.б. ұсынылған..
Көрме бөлімдері:
- «Тәуелсіздік нышандары»
- «Ата заң-ел болашағының негізі»
- «Ақиқаттың ақ жолы»
- «Ата-заң айбыным»
«Тәуелсіздік нышандары». Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі.Олардың түр-түсі мен ресми қолданылу тәртібі Конституцияда немесе конституциялық заңда белгіленеді (бұл Мемлекеттік Рәміздерге биік мәртебе береді) және заңмен қорғалады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады. Е.Шаймерденовтың «Государственные символы Республики Казахстан», Жандарбек Мәлібекұлының «Қазақстан Елтаңбасы», Қазақстан Республикасының Мемлекеттік символдары және тағы басқа кітаптар қойылды.
«Ата заң-ел болашағының негізі». Тұңғыш қазақ мемлекеті құрылғаннан кейін екі ғасыр өткен соң әдет – ғұрып құқығының жинағы — өзіндік конституциялық құжат «Жеті Жарғы» қабылданды. Онда халықтың этникалық тұрмысы, мәдениеті, дәстүрі, географиялық ерекшеліктері және халықтың бірлік қағидасы ескерілді. Тарихшылар әлі күнге дейін «Жеті Жарғының» авторының немесе ол жөнінде тұңғыш бастама көтерген адамның кім екендігін анық білмейді. Аңыздарға сілтеме жасай отырып, «Жеті Жарғыны» жасаған Тәуке хан деуге болады. Бугінгі көрмедегі ерекше кітаптар жинағы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Салық Зимановтың жетекшілігімен 10 томдық Қазақтың ата Заңдары –құжаттар, деректер және зерттеулер жинағы.
«Ақиқаттың ақ жолы». 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституция жобасы қабылданды. Жыл сайын республикада бұл күн мемлекеттік басты мерекелерінің бірі ретінде аталып өтіледі.Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары Қазақстанның Конституциясы бірнеше рет толықтырып, 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдары өзгерістер енгізілді.
Ата заң — мемлекеттік құрылыммен қатар жариялы — билік институтын белгiлейтiн ереже ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттің қандай кұндылықты сақтау керек екендiгiн айқындайтын басты құжат. Конституция қағидаларын жүзеге асыру қоғам мен мемлекеттің өсiп — өркендеуiне, адам құқығының сақталуына, бiрлiк пен тұрақтылыққа жол ашады. Заңды білу — заман талабы. Бүгінде Қазақстан Республикасында демократияға бағытталған құқықтық мемлекет кұру идеясын жүзеге асыру үшін әрбір азамат өз құқықтарын жете білуі, соған сай сана — сезімдерін қалыптастыру керек. Азаматтың міндеті — заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан, өзіне жүктелген міндетін орындау. Өйткені заң дегеніміз — өмірдің нәрі. Заңның мықтылығы — адалдығы мен әділдігінде. Заңның ең басты мақсаттары — қоғамдағы алуан мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу.
«Ата-заң айбыным». Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу біздің міндетіміз әрі парызымыз. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек. Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Өйткені, біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі.
Көрме құжаттары: кітапхана қорынан 120-дан астам кітаптар мен мерзімді басылымдар.
Сондай-ақ әл-Фараби кітапханасында өткен іс-шараларды сілтеме арқылы көре аласыз: осы жерде