2022 жылдың 2-желтоқсанында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дінтанушы, шығыстанушы, исламтанушы, әдебиет зерттеушісі, жазушы, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар қажы Дербісәлінің 75 жылдығына арналған «Шығыстану және руханият мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Шара аясында Әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін дайындады, сонымен бірге кітапхананың 13206 дана қайталанбас басылымдардан тұратын Сирек кездесетін әдебиеттер мен қолжазбалар қорына Әбсаттар қажы Дербісәлі есімі берілді.
Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты: 1) Конференцияға қатысушыларды, профессорлық-оқытушылық құрамды, университет студенттерін Әбсаттар қажы Дербісәлінің ғылыми еңбектерімен (монографиялары, оқулықтары, мақалаларымен), сондай-ақ шығыстану, дінтану саласы бойынша жұмыстарымен, жарияланымдарымен таныстыру; 2) Көрмеге келушілерді кітапхана қорындағы шығыстанудың өзекті мәселелері бойынша оқу, ғылыми әдебиетпен, сондай-ақ заманауи әдебиетпен таныстыру.
Көрме 4 бөлімнен тұрады
ӘБСАТТАР ДЕРБІСӘЛІ ӘЛЕМІ
ҒАЛЫМ. МҮФТИ. ҚАЙРАТКЕР
ӘЛ-ФАРАБИ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ДАРА ТҰЛҒАСЫ
ИСЛАМ – АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛ ТӘЖІ
Әбсаттар дербісәлі әлемі. Көрменің 1-бөлімінде Әбсаттар қажы Дербісәлінің шығармалары ұсынылады. Бұл жерде ғалымның төмендегі еңбектері қойылған: «Руханият және өркениет»: зерттеулер мен мақалалар (жеті тараудан тұратын бұл еңбекте ислам діні, оның тарихы, халқымыздың ислам мәдениетімен қойындасып жатқан жазба мұралары, т.б. құнды ғылыми ой-пайымдар жинақталған), «Қауам ад-дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357)»: өмірі мен мұрасы (Қауам ад-дин Ислам дініне, өркениетіне қатысты мәнді де маңызды бірқатар еңбектер қалдырған. Олардың біразы біздің заманымызға жетті. Бұл еңбекте қазақ тарихындағы сондай даңқты перзенттердің бірінің өмірі мен мұрасы жайлы баяндалады), сонымен бірге «Мұхаммед Хайдар Дулати»: өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалық, «Хибатулла ат-Тарази и его духовное наследие» және т.б. кітаптары қойылған.
Ғалым. Мүфти. Қайраткер. Көрменің 2-бөлімі Әбсаттар қажы Дербісәлі туралы жазылған еңбектердің таныстырылымынан тұрады. Бұл жерде түрлі авторлардың төмендегі шығармалары қойылған: «Шығыстанушы – дінтанушы ғалым – ұстаз Әбсаттар қажы Дербісәлі» (бұл жинақта діни-руханият һәм ғылым, білім көшбасшысы Ә. Дербісәлінің шығармашылығы мен ол жайлы пікірлер жинақталып, хронологиялық жүйемен био-библиографиялық көрсеткіш ретінде ұсынылады), «Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі. Ғалым. Мүфти. Қайраткер» (Бұл фотошежіре Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2000-2012 жылдар аралығында атқарған қызметі мен тыныс-тіршілігінен мағлұмат береді), «Әбсаттар Дербісәлі – көрнекті дін және қоғам қайраткері, ұстаз-ғалым» және т.б. кітаптар.
Әл-Фараби – ұлы даланың дара тұлғасы. Әбсаттар қажы Дербісәлі ұлы даланың дара тұлғасы – Әбу Насыр әл-Фарабидің жазба мұрасын зерттеп, ғылыми айналымға енгізуге ғұмырының қомақты бөлігін арнаған. Сондықтан да бұл бөлімнің мазмұндық салмағын Фарабитану саласында жазылған монографиялар, оқулықтар, оқу құралдары мен басқа да ғылыми еңбектер, шетелдерде жарық көрген кітаптар және т.б. басылымдар құрайды. Олардың қатарында Әбу Насыр әл-Фарабидің «Таңдамалы трактаттары» (бұл кітап данышпан бабамыздың философиялық трактаттарын өз мұрагерлерімен неғұрлым толыққанды таныстыру жолындағы ірі қадамдардың бірі ретінде танылуға тиіс), «Әл-Фараби педагогикасы»: оқу құралы (оқу құралында ұлы энциклопедист ғалымның негізгі педагогикалық-психологиялық идеялары қарастырылады), А. Машановтың «Әл-Фараби және Абай», Әбу Насыр әл-Фарабидің «Бақытқа жету жайында», М. Құл-Мұхаммедтің «Әл-Фараби», Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығарған «Ұлы даланың ұлы есімі» жинағы, және т.б. еңбектер ұсынылды.
Ислам – адамзаттың асыл тәжі. Көрменің бұл бөлімінде Ә. Дербісәлінің дінтану саласындағы ғылыми еңбектері: монографиялары, жинақтары, оқу-әдістемелік құралдары қойылған. Мысалы, «Қазақстанның діни оқу орындары» (Қазақстанның жоғары және орта арнаулы діни оқу орындары – университет, институт, медреселер жайлы баяндайтын тұңғыш анықтамалық еңбек), «Ислам – ынтымақ пен бірлік жолында» (жинаққа 2006 жылы Алматыда өткен «Жетісу мұсылмандарының І құрылтайына 100 жыл» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары топтастырылған), «Ислам және заман», «Ұлық имам – имам ағзам Әбу Ханифа», «Қазақстанның мешіттері мен медреселері», «Ислам – религия мира и созидания»: теологическо-религиоведческие, историко-филологические исследования, статьи и размышления, доклады и интервью, т.б. кітаптар орналасты.
Ұйымдастырушы: Әл-Фараби атындағы кітапхана
Көрменің оқырмандық бағыты: Ғылыми-практикалық конференция қатысушылары, журналистер, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, т.б.
Көрме құжаттары: кітапхана қорынан 200-ге жуық кітап, мерзімді басылымдар.