Көрнекті ғалым, беделді ұстаз

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да биология ғылымдарының докторы, ҚР ҒА құрметті академигі,  Жаратылыстану академиясының академигі, профессор Сапаров Қуандық Әбенұлының 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Сапаров Қуандық Әбенұлы – биология ғылымдарының докторы, профессор, жаратылыстану академиясының академигі. Ол 1942 жылы 1-желтоқсанда Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келді. 1969 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетін бітірді. Стажер зерттеуші, ассистент, аға оқытушы, доцент, зертхана меңгерушісі, профессор, биология факультетінің деканы қызметтерін атқарды. Сапаров Қуандық Әбенұлы 1982 жылы Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінде кандидаттық диссертация қорғады. Оған 1983 жылы доцент атағы берілді. 2003 жылы докторлық диссертация қорғады. 2005 жылы профессор атағы берілді. 2007 жылы Жаратылыстану академиясының академигі болды. Қ. Ә. Сапаров сыртқы ортаның экстремальді әсеріне омыртқалы жануарлар өкпелерінің бейімделуінің клеткалық механизмдері туралы жаңа, өте маңызды мәліметтер ашты. Ол жануарлардың салыстырмалы морфологиясына үлкен үлес қосты. Оның экологиялық цитология бойынша зерттеулерін тек қазақстандық мамандар ғана емес, сонымен қатар шет елдердің мамандары өте жоғары бағалады. Қ. Ә. Сапаров 100-ден аса ғылыми еңбектің, 1 монографияның және 4 мемлекеттік тілде шыққан оқулықтың авторы. Сонымен қатар 2 ғылым кандидатын дайындап шығарды.

Қ. Ә. Сапаров 2008 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тағайындаған мемлекеттік грантты жеңіп алып, «Жоғары оқу орындарының ең үздік оқытушысы» атағына ие болды.

Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты: 1) Конференцияға қатысушыларды, профессорлық-оқытушылық құрамды, университет студенттерін Сапаров Қуандық Әбенұлының ғылыми еңбектерімен, сондай-ақ биология саласы бойынша оқу және ғылыми әдебиетпен, ғалымдардың, биологтардың жұмыстарымен, жарияланымдарымен таныстыру; 2) Көрмеге келушілерді кітапхана қорындағы заманауи биологияның, соның ішінде  цитология және гистология салаларының өзекті мәселелері бойынша оқу, ғылыми әдебиетпен, сондай-ақ заманауи әдебиетпен таныстыру.

Көрме 3 бөлімнен тұрады
  • Көрнекті ғалым, беделді ұстаз
  • ҚазҰУ ғалымдарының еңбектері
  • Биология әлемі

Көрнекті ғалым, беделді ұстаз. Көрменің 1-бөлімінде  Қ. Ә. Сапаровтың биология саласында жазған еңбектері, мерзімді басылымдарда жарияланған ғылыми мақалалары ұсынылады. Мысалы, «Цитология және гистология»: оқу құралы. Бұл оқу құралының 1-бөлімінде клеткалардың құрылысы, дамуы, өсіп-өнуі, сондай-ақ зат алмасу кезіндегі қызметі туралы баяндалады. 2-бөлімінде ұлпалардың құрылысы, қызметтері, олардың ерекшеліктері туралы мағлұматтар берілген. Бұл жерде сондай-ақ ғалымның төмендегі шығармалары қойылған: «Омыртқалылардың өкпелерінің морфологиялық тұрғыдан бейімделуінің негізі», «Жалпы цитология негіздері», «Цитология және гистология» : лекциялар жинағы, «Гистологиялық техника»: оқу-әдістемелік құрал, «Цитология»  курсының типтік оқу бағдарламасы және  т.б. кітаптар ұсынылды.

ҚазҰУ ғалымдарының еңбектері. Бұл бөлменің мазмұндық салмағын ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамының биология саласында жазған монографиялары, оқулықтары, оқу құралдары мен басқа да ғылыми еңбектері, шетелдерде жарық көрген кітаптары және т.б. басылымдар құрайды. Олардың қатарында З. С. Орынбаеваның «Биологиялық процестер кинетикасына кіріспе»: оқу құралы, С. Нұртазиннің «Жалпы гистология»: оқу құралы, А. Нұрышева, М. Нұрышевтың «Цитология» атты және т.б. еңбектер қойылды.

Биология әлемі. Көрменің бұл бөлімінде қазақстандық және әлемдік ғалымдар мен биологтардың ғылыми еңбектері – цитология, гистология саласы бойынша монографиялары, жинақтары, оқу-әдістемелік құралдары т.б. қойылған. Мысалы, А. Б. Мырзағалиев «Цитология» (оқулықта жалпы цитологиядан ауқымды материал берілген. Тірі жүйелердің ең ұсақ бөлігі болып келетін жасушаның тіршілік етуі мен құрылысының негізгі ерекшеліктері баяндалады), З.Б. «Цитология және гистология негіздері», К.С. Камышева «Микробиология, основы эпидемиологии и методы микробиологических исследований» және  т.б. кітаптар орналасты.

Ұйымдастырушы: Әл-Фараби атындағы кітапхана

Көрменің оқырмандық бағыты: Шара қатысушылары, журналистер, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, т.б.

Көрме құжаттары: кітапхана қорынан 80-ге жуық кітап, мерзімді басылымдар.

Сондай-ақ әл-Фараби кітапханасында өткен іс-шараларды сілтеме арқылы көре аласыз: осы жерде

Яндекс.Метрика