2022 жылдың 4 қарашасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай «Замана шындығын айтқан заңғар тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, соған байланысты Әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін дайындады.
Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза (28 қыркүйек 1932 жыл − 8 қазан 2018 жыл) — Қазақстанның халық жазушысы (1992), мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984), Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылы, Мыңбұлақ мекенінде туған.
1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963–1970 жж. «Лениншіл жас» газетінің редакторы.
Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған.
1989–1992 жж. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992–1994 жж. Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған.
ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003).
Көрменің мақсаты: 1) Конференцияға қатысушыларды, профессорлық-оқытушылық құрамды, университет студенттерін халық жазушы, майталман аудармашы, журналист болған Шерхан Мұртазаның бай әдеби мұрасымен және оған арналған еңбектермен таныстыру; 2) Көрмеге Шерхан Мұртазаның кітапханада сақталған кітаптарын, публицистикалық мақалалары, көркем шығармалары басылған газет-журналдарды қою арқылы кітапханамыздың бай қорын ашып көрсету.
Кітап көрмесі 3 бөлімнен тұрады:
- «Заңғар тұлға»
- Ұлт рухының жаршысы
- «Майталман аудармашы»
«Заңғар тұлға» Көрменің бірінші бөлімі Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығына арналған. Бұл жерде Шерхан Мұртаза туралы ақпарат берілген «Қазақстан» ұлттық энцилопедиясы (2004), «Қазақстан жазушылары. ХХ ғасыр» анықтамалығы (2004); «Аныз адам» журналының (2013, № 4) Шерхан Мұртазаға арналған шығарылымы ұсынылады. Сонымен қатар қарымды қаламгердің публицистикасын зерттеуге арналған университетіміздің ғалымдары Р.С. Жақсылықованың «Шерхан Мұртаза – публицист, редактор» (2003) атты оқу құралы, М. Көпбаеваның «Шерхан Мұртаза шығармашылығы» (2001) мақалалар жинағы және Ш.Мұртаза туралы т.б. басылымдар қойылған.
«Ұлт рухының жаршысы» Көрменің бұл бөлімінде жазушының 1958 жылы шыққан «Құрылысшы Дәку» деген тұңғыш кітабы, әр жылдары жарық көрген «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, 1978 ж. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алған «Қара маржан» (1977) романы, бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, Қ. Смайыловпен бірге жазған «Елім, саған айтам, ел басы, сен де тыңда» (1998) кітабы, «Жүрекке әжім түспейді» (2003) әңгімелер жинағын, пәлсапалық «Бір кем дүние» (2008) шығармасы және т.б. орналасқан. Сонымен қатар көрмеде Шерхан Мұртазаның газет-журнал беттерінде жарияланған таңдамалы мақалалары мен прозасы да қойылған.
«Майталман аудармашы» Экспозицияның бұл бөлігі Шерхан Мұртазаның аудармашы ретіндегі шығармашылығымен және таныстырады. Бұл жерде Ш. Мұртаза қазақ тіліне тәржімалаған Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін көруге болады. Сонымен қатар Ш. Мұртазаның орыс тіліне аударылып шыққан кітаптарын көруге болады. Бұлар: «Черное ожерелье» (1977), орыс тіліне аударған Бақытжан Момышұлы, «Огненная стрела» (1982), аудармашылары – Бақытжан Момышұлы мен Леонид Ханбеков, Г. Нұрбекқызы аударған «Луна мен Айша» (2009) эссе романы және т.б.
Ұйымдастырушы: Әл-Фараби атындағы кітапхана
Көрменің оқырмандық бағыты: Ғылыми-практикалық конференция қатысушылары, журналистер, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, т.б.
Өтетін орны: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректораты, 15-қабат, 2022 ж. 04 қараша
Көрме құжаттары: кітапхана қорынан 50-ден аса жуық кітап, мерзімді басылымдар.
Сондай-ақ әл-Фараби кітапханасында өткен іс-шараларды сілтеме арқылы көре аласыз: осы жерде
Так же можете посмотреть другие мероприятие: здесь