«Әл-Фараби – Иқбал»: түркі әлемі тарихи жадын жаңғырту

Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби атындағы ғылыми кітапханасында түркі әлеміне ортақ ойшылдар – әл-Фараби мен Мұхаммед Иқбалдың бай мұраларын зерттеп, насихаттауға арналған халықаралық форум басталды.

Рухани іс-шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық түркі академиясы және Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеті (COMSTECH) бірлесіп ұйымдастырды. Форумның мақсаты – шығыс өркениеті аясында түркі және ислам әлемі халықтарының өркениеттік бірлігі мен тарихи жадын жаңғырту және Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) елдерінің ғылым мен техника саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастығын арттыру.

Алқалы жиынға Түркі елдері мен Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің гуманитарлық сала ғалымдары, ҚР Президент Әкімшілігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ТҮРКСОЙ өкілдері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғалымдары мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдері, сондай-ақ Түркия, Ресей, Пәкістан, Қырғызстан, Тәжікстан ғалымдары мен дипломаттары, жас ғалымдар қатысты.

Форум аясында мәртебелі меймандар Әл-Фараби мұражайын аралап, «Әл-Фараби – өркениет ойшылы» кітап көрмесімен, сондай-ақ Пәкістан суретшілерінің кескіндеме және каллиграфия көрмесімен танысты.

Форум жұмысын ашқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Tүймебаев бұл шара ғылыми орта үшін тәжірибе алмасудың үлкен диалог алаңы болатынына сенім білдірді.

«Рухани басқосу – заманымыздың әйгілі ойшыл-философы, Пәкістанның «рухани көсемі» Мұхаммед Иқбал шығармашылығын жаңа қырынан зерттеуге жол ашады. Форумның тарихи миссиясы – әл-Фараби және Мұхаммед Иқбал еңбектері арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту. Иқбалдың ислам мәдениеті мен руханиятының жаңғыруына қосқан үлесі шынымен де өлшеусіз. Бұл ХХ ғасырдың бас кезіндегі жаңа мұсылман ренессансы басында болған ұлы ақын және ойшыл. Мұхаммед Иқбал – мұсылман мәдениетін сақтап, дамытуға үлкен үлес қосқан тұлға. Иқбал батыстың беделді университеттерінде оқыған, ғылыми білімі зор, кең ойлайтын ғалым ретінде биік руханияттың, философиялық тереңдіктің, саяси жауапкершіліктің үлгісі бола білді. Иқбал шығармашылығы ұлы әл-Фарабидің рухани мұрасымен тығыз байланысты», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры.

Осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.

Күні: 27 мамыр 2022 жыл

Көрменің мақсаты:Форумға жиналған Фараби танушыларға, шетелден келген қонақтарға, студенттерге және оқырмандарға ұлы ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фараби мен Мұхаммед Икбалдың, Фарабитанушылардың әл-Фараби кітапхана қорындағы еңбектерімен таныстыру.

Көрме сегіз бөлімнен тұрады:

  • Әл-Фараби трактаттарының алғашқы басылымдары
  • Әл-Фараби трактаттарының жаңа басылымдары
  • Әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман
  • Ұлы шығыс ойшылдары
  • Әл-Фараби зерттеушілері
  • Уақыт пен кеңістік аясындағы Фарабитану
  • Әл-Фараби туралы диссертациялар
  • Әл-Фарабиге арналған мерзімді басылымдардың ғылыми конференциялардың материалдары

Әл-Фараби трактаттарының алғашқы басылымдары. Әбу Насыр Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы алуан түрлі және ерекше үлкен. Ол 160-тан астам трактаттар жазды, онда ол сол кездегі барлық белгілі білім салаларын дамытты. Ғалымның философия, әлеуметтану, логика, эстетика, этика, жаратылыстану саласындағы көптеген ережелері Шығыс және еуропа халықтарының әлеуметтік-философиялық ойларының одан әрі дамуына үлкен әсер еткен. Әбу Насырдың эстетикалық-теориялық пайымдауларымен танысу арқылы оның мұрасын, дәуірін тереңірек түсінуге болады. Бұл бөлімде 1992 жылдардан бастап аударылған алғашқы трактаттары ұсынылды, атап өтетін болсақ бұл еңбектердің бірі ІХ-Х ғасырда ғұмыр кешкен түркі даласының ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ұлы дұға» және «Жарқыраған сұрақтар мен толымды жауаптардан» атты екі шығармасына арналған.Қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып, ғылыми айналымға еніп отырған трактаттардың мәтіні 1991 жылы Бейут қаласында жарық көрген «Китәбу-л миллә уә нусус ухра» атты кітапқа енген мәтіндер негізінде тәжімәланып, ғылыми түсініктері берілді.

Әл-Фараби трактаттарының жаңа басылымдары.Қазақ даласынан шығып, халқымыздың мақтанышына айналған әл-Фараби 2-бөлімде ұсынылған жаңа трактаттарында адамның бақытқа жетуі үшін қажетті теориялық, ойшылдық және этикалық ізгіліктермен қатар практикалық ғылымдармен таныстырады. Ғалым қоғамдағы және жалпы адам өміріндегі тәлім мен тәрбиенің маңызын түсіндіреді, «кемел адам», өмірдегі «асқақ мақсат», «үлгілі басшы», «имам», «шынайы философ» т.б. секілді тұжырымдарын жан-жақты зерделейді. Ең маңыздысы, даңагөй ғалым өзінің «Мемлекетті басқаруы тиіс тұлға, ол – шынайы философ» деген мәшһүр концепциясын осы трактаттарында баяндаған.

Әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман. Кітап көрменің 3-бөлімінде әл-Фарабидың «Қайырымды қала», «Бақыт туралы кітап» атты соңымен қатар шет тіліндегі еңбектері ұсынылды. Осы еңбектеріндегі «Қайырымды қала» атты кітабына таңдамалы трактаттары жинақталып, әлем оқырмандарына жол тартқан. Бүгінгі таңда ұлттық университетімізде «AL-FARABI UNIVERSITY SMART CITY» атты өрісі кең, болашағы кемел Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш ғылыми-иновациялық жоба қолға алынып, іске қосылған. Әл-Фарабидің әмбебап рухани құндылықтар негізінде тұрған әлеуметтік идеал – «Қайырымды қала» идеясы осы жобаның маңызды рухани-адамгершілік бастау-бұлағы болып табылатыны сөзсіз.

Ұлы шығыс ойшылдары. Орта ғасырларда Батыс елдері мен Шығыс елдерінің арасында едәуір айырмашылықтар болды. Орта Азия мен Иран жерлерінде Х-ХІІ ғасырларда мұсылмандық ренессанс құбылысы өтті. ІХ-Х ғасырларды мұсылман мәдениетінің “алтын дәуірі” деп атайды. “Мұсылман ренессансы” деген ұғымды шығыс тілі мен мәдениетін зерттеу ғылымына енгізген швейцарлық ғалым Адам Мец бұл құбылыстың тек антика мәдениетінің қайта өрлеуі ғана емес, сондай-ақ араб, парсы, түркі, сирия мәдениетін жаңғырту екенін тілге тиек етеді. Осы өрлеуге ықпалын тигізген жағдайлардың қатарына сауаттылықтың біршама өріс алғанын, қолжазба жинау, аударма ісінің жолға қойылғанын, жеке меншік және қоғамдық кітапханалардың құрылғанын атап өтуге болады. Бұл бөлімде осы «Мұсылман ренессансы» туралы және Шығыстың ұлы ойшылдарының еңбектері ұсынылды, атап өтетін болсақ: Аль-Беруни, Омар Хайям, Ибн Баттута, Ибн-Руша, Ибн-Сина және тағы да басқа шығыс ойшылдарының еңбектері.

Әл-Фараби зерттеушілері. «Жүзден – жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді халқымыз. Тарихта ұлы адамдар аз емес. Солардың ішінде мың жылдың шебінен өтіп, бүгінгі күнге жеткендері санаулы ғана. Қазақ даласынан шыққан отырарлық ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби – осындай бір тұлға. Өз кезеңінде ғылым мен білімнің барлық саласы бойынша айтулы еңбектер қалдырған энциклопедист ғалым, кемеңгер философ, дарынды математик, астролог, музыка теоригі, шығыс елдерінде тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы болумен бірге ежелгі грек ойшылы Аристотельдің шығармаларына алғаш рет ғылыми түсініктеме беріп, «Екінші ұстаз» атанған данышпанды зерттеген зерттеушілерде аз емес. Ең алғашқыларының бірі Ақжан Машани, Ағын Қасымжанов. Осы бөлімде аталған Фарабитанушылармен қоса Әбсаттар қажы Дербісәлі, А.Әлімжанов, А.Алтаев, М.Хаируллаев,М.С.Бурабев және басқада зерттеушілердің еңбектері ұсынылды.

Уақыт пен кеңістік аясындағы Фарабитану. Бұл бөлімде әл-Фарабидің шығармашылығын зерттеген отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектеріне шолу жасалынды, және ұсынылған еңбектерде әл-Фарабидің философиясының ерекшеліктері мен Антика дәуіріндегі, сондай-ақ қазіргі замандағы ойшылдардың көзқарастарының айырмашылығы көрсетілді.Соңымен қатар еңбектерде әлемдік мәдениет пен өркениеттің дамуына үлес қосқан Мұсылман ренессансы дәуірінің ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы қарастырылды.

Әл-Фараби туралы диссертациялар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қорғалған Т.С.Медетбаевтың «әл-Фарабидің әдеби-ғылыми мұрасы», А.Д.Құрманалиеваның «Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық іліміндегі әлеуметтік танымның онтологиялық және әдіснамалық негіздері», А.С.Қабылованың «әл-Фараби философиясындағы мәдениеттер синтезінің орны» атты және тағы да басқа диссертациялары көрменің 7-бөлімінде ұсынылады.

Әл-Фарабиге арналған мерзімді басылымдардың ғылыми конференциялардың материалдары. Бұл бөлімде Фараби оқуларының, ғылыми конференция материалдары ұсынылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2013 жылдан бастап Халықаралық Фараби оқулары өтеді. Алдыңғы қатарлы Қазақстандық университетте жыл сайын ауқымды іс-шара өткізу дәстүрге айналған. Тоғыз жылдың ішінде «Фараби оқулары» ғылыми қоғамдастық пен әлемдік жоғары оқу орындары арасында танымал болып, халықаралық деңгейде аса белгілі болды. Фараби оқулары аясында өткізілетін ғылыми халықаралық ауқымды шаралар қоғам, мемлекет және тұлғаны дамыту жаһандық мәселелерін шешуде шетелдік және қазақстандық ғалымдардың күш жігерін жұмылдыруға бағытталған.

Көрменің оқырмандық бағыты: Университетке іс-шараға жиналған кітапхана пайдаланушылары – студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, кітапхана қызметкерлері т.б.

Көрме құжаттары: кітапхана қорынан 170-ке жуық кітап, 9 диссертациялар мен 30-ға жуық конференция материалдары мен мерзімді басылымдар ұсынылды.

Көрменің безендірілуі: кітаптар, журналдар, мақалалар, фотосуреттер, дәйексөздер.

Яндекс.Метрика