Орталық Азия елдерінің Ректорлар форумы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Орталық Азия елдері университеттері ректорларының І халықаралық форумы өтті. Форум жұмысына ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев және Орталық Азия елдерінің білім, ғылым саласы министрлері мен ЖОО ректорлары қатысты.

Форумға онлайн қатысқан ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанның жоғары білім беруді дамытудағы жетістіктеріне тоқталып, еліміздегі 14 ЖОО әлемдік рейтингтердің қатарында екенін атап өтті.

«Біз ауқымды реформа жүргізіп, жоғары оқу орындарына академиялық, басқарушылық және қаржылық дербестік бердік. Корпоративтік басқару жүйесі сәтті енгізілді. Жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға ауысты. Директорлар кеңесі құрылды. Осы және басқа да көптеген реформалар Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім беру процесінің сапасын жақсартуда шешуші рөл атқарды.

Менің ойымша, бүгінгі күні Орталық Азия студенттерінің біріккен одағын құру мәселесі аса өзекті және форум барысында осы және басқа да бірқатар бастамалар бойынша пікір алмасатын боламыз», – деді ҚР Білім және ғылым министрі.

Пленарлық отырыста сонымен қатар Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Расул Абазбек уулу, Тәжік ұлттық университетінің ректоры Кобилджон Хушвахтзода және т.б. баяндама жасады.

Осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.

Күні: 13 мамыр 2022

Көрменің мақсаты: еліміздің студент жастарының қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар: тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану, дінтану, тіл білімі, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, инновация бойынша білім деңгейін арттыру.

Көрмеге қысқаша шолу: Жаңа оқулықтар – дүниежүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық, педагогика, интернет психологиясы, стратегиялық менеджмент, маркетинг, медиа және іскерлік коммуникация, дипломатия және өнер тарихы салаларындағы білімдердің кең спектрін қамтиды.
Жоба әлемдік ғылыми әдебиетті қазақ тілінде оқитын студенттер арасында да, еңбекке қабілетті тұрғындар арасында да оқуды жоғарылатуға бағытталған.

Ол үшін әртүрлі тілдерден әлемдегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды, бұл жастардың үздік әлемдік стандарттар бойынша білім алуына мүмкіндік береді. Оқулықтардың басым көпшілігі ағылшын тілінен аударылған, сондай-ақ француз және орыс тілдерінен де аудармалар бар. Оқулықтарды таңдауда республиканың жоғары оқу орындарынан келіп түскен 800-ден астам ұсыныс негізге алынды, ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы комиссия қарастырды. Іріктеу критерийлері ретінде оқулықтың әлемнің 100 үздік университетінің оқу бағдарламасына енуі, оның кемінде үш рет басылуы, соңғысы кейінгі 3 жылда басылуы, оқулықта әртүрлі интерактивті қосымшалардың және бейне дәрістердің, онлайн курстардың болуы талап етілді.

Бұл – ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді. Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да маңызды. Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бес жылға арналған жалпыұлттық білім беру ісін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жастарымыздың болашағы үшін іске асырылуда. Осы орайда, өскелең ұрпақтың оны жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысқаны аса маңызды. Біз бүгін тәуелсіздік жылдары қалыптасқан ғылыми-кадрлық әлеуметіміздің зор екеніне тағы да көз жеткіздік.

Көрменің оқырмандық бағыты: Университетке іс-шараға жиналған қонақтар, ректорлар, шет ел қонақтары, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, т.б.

Көрменің безендірілуі: кітаптар.

Халықаралық шара аясында «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік, ЖОО ұжымы мен студенттерінің ұтқырлығы» және «Жоғары оқу орындарының цифрлық трансформациясы және Орталық Азия елдері зерттеу кеңістігінің интеграциясы» тақырыбында сессиялар өтіп, онда орталықазиялық жоғары оқу орындарының өкілдері өз ұйымдары негізінде екі ел үшін бірлескен зерттеулер қалай жүргізілетіні туралы тәжірибелерімен бөлісіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің ЖОО Альянсының 2022-2023 жылдарға арналған жұмыс жоспарын дамыту бойынша форумның ұсынымдары қабылданды.

Яндекс.Метрика