Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Еуропалық Парламент делегациясы арнайы сапармен келді. Мәртебелі меймандар ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев бастаған оқытушы-профессорлар құрамы және студенттерімен кездесті.
Еуропарламент өкілдері алдымен «Әл-Фараби» музейін аралап, қара шаңырақ тарихына қанықты. Сонымен қатар қонақтарға ҚазҰУ жанындағы Пан Ги Мун институтының қызметі баяндалып, оқу орнының даму жоспары таныстырылды.
Делегация құрамына «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетіндегі Еуропалық Парламент делегациясының төрағасы, Көлік және туризм комитетінің 3-ші вице-төрағасы Андрис Америкс (Латвия), елші, ҚР ЕО өкілдігінің басшысы Кестутис Янкаускас, ҚР-ЕО Парламенттік ынтымақтастық комитетіндегі Еуропалық Парламент делегациясының мүшесі, ЕП Сыртқы істер комитетінің мүшесі Франциско Миллан-Мон (Испания) және басқа да ұйым мүшелері кірді.
Осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.
Күні: 13 сәуір 2022 ж
Көрменің мақсаты: іс-шараға келген шетелдік Дипломаттарға, қонақтарға және студенттерге әл-Фараби кітапханасының қорындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Ел-басы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектері, сонымен қатар Қазақ ұлттық университетінің жеткен жетістіктерін айқындайтын кітаптар, ғалымдардың еңбектері мен Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін және Университеттің профессорлық құрамының еңбектерімен таныстыру.
Кітап көрмесі 6 бөлімнен тұрады:
- Билік сабақтастығы
- Қазақстанның геосаясаттағы рөлі
- Әл-Фараби және оның рухани мұрасы
- Әл-Фараби атыңдағы ҚазҰУ жетістіктері
- ҚазҰУ профессорлық құрамының еңбектері
- ҚазҰУ басылымдары
Билік сабақтастығы. Көрменің билік сабақтастығына арналған бөлімінде еліміздің Президенті Қ. Тоқаевтың еңбектері, Елбасы саясатын жалғастыру арқылы қоғамдағы қызметі, бүгінгі күн өзгерістері жайлы басылымдарды көреміз. Бұл жерде Қ. Тоқаевтың «Сырқы саясат», «Қазақстан Республикасының Дипломатиясы» және шет ағылшын тіліндегі кітаптары қойылды.
Қазақстанның геосаясаттағы рөлі. Көрменің бұл бөлімінде, Қазақстанның сыртқы саясаты, дипломатия туралы, Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы рөлі мен орны туралы кітаптар орын алған. Ф.Кукееваның «Европейский союз и США: современные аспекты трансатлантического партнерства» кітабы және Ж.Ибрашеваның, Г.Мовкебаеваның, К.Байзакованың кітаптары қойылды.
Әл-Фараби және оның рухани мұрасы. Бұл бөлімге адамзаттың асыл қазынасы әл-Фарабидың шет тілдерде жарық көрген мұрасы және әл-Фарабиді зерттеген ғалымдардың еңбектері қойылды, әл-Фараби мұрасын зерттеу және насихаттау негізінде дүниетанымның интегралды құндылықтарын қалыптастырады.
Әл-Фараби атыңдағы ҚазҰУ жетістіктері. Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті 88 жылдық тарихында жеткен жетістіктері мен еліміздің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Бүгінде ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналды. Бұл бөлімде университеттің тарихы мен жетістіктеріне арналған мерейтойлық басылымдар: ҚазҰУ шежіресі, университеттің ғалымдары, педагогтары туралы «Летопись» кітабы, ҚазҰУ түлектері, атақты қоғам қайраткерлеріне арналған «Элита» кітабы қойылды.
ҚазҰУ профессорлық құрамының еңбектері. ҚазҰУ – білім мен мәдениетті ұштастырған қасиетті қара шаңырақ.Университеттің профессорлық құрамы мен оқытушылары өз істерінің білікті мамандары, өз саласының кәсіби шеберлері. Бұл бөлімде оқытушы профессорлық құрамның ағылшын тілінде жарық көрген еңбектері.
ҚазҰУ басылымдары. 1992 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «ҚазҰУ хабаршысы» журналын әр факультетке байланысты жеке сериямен шығарады. Журналдар ғылыми жұмыстың нәтижелерін жариялау үшін білім мен ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынатын ғылыми басылымдардың тізіміне қосылған. Журналдарда жаратылыстану, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың салалары бойынша іргелі, қолданбалы, іздеу зерттемелерінің өзекті мәселелері бойынша нәтижелер жарияланады. Материалдар мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
Көрменің оқырмандық бағыты: Шетелдік Дипломаттар, ҚазҰУ профессорлық құрамы, кездесуге келген қонақтар, кітапхана пайдаланушылары – студенттер мен докторанттар, магистранттар, кітапхана қызметкерлері, т.б.
Көрме құжаттары: кітаптар, журналдар, университет марапаттары және фотосуреттер.