Әл-Фараби кітапханасында профессор Х.Хабиев атындағы қоғамдық қордың қолдауымен жас ғалымдардың студенттермен «Фараби әлемі» атты дәстүрлі халықаралық ғылыми конференциясы өтті.
Әбу Насыр Әл-Фараби ғұлама ғалым, Түркі жұртының жарық жұлдызы. Ғұламаның отаны Қазақ жерінің оңтүстігіндегі Отырар қаласы.
Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Фарабидің толық аты-жөні Әбу Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Ө зінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында «Екінші Ұстаз» атауына ие болды.
Осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.
Күні: 6 сәуір 2022 ж
Көрменің мақсаты: Қонақтарды, студенттер мен ОПҚ-ны кітапхана қорындағы әл-Фараби еңбектерімен және форум тақырыбына байланысты зерттеу жұмыстарымен таныстыру.
Көрме 5 бөлімнен тұрады:
- «Әл-Фараби және түркі әлемі»
- «Әл-Фарабидің еңбектері»
- «Уақыт пен кеңістік аясындағы фарабитану»
- «Халықаралық Фараби форумдарының материалдары»
- Тарих ғасырлар күәсі
«Әл-Фараби және түркі әлемі».Көрмені форумның тақырыбына сәйкес әл-Фараби дәуірінен бастап осы күнге дейінгі түркі-парсы ғұламаларының – философ, ақын, ғалымдарының еңбектері және олар туралы зерттеулерге арналған кітаптар ашады. Атап айтқанда, әл-Фараби, әл-Хорезми, Яссауи, Баласағұн, Қашқари, Йугінеки, Абай, Шәкәрім және т.б. ойшылдардың кітаптары қойылды.
«Әл-Фарабидің еңбектері». Көрменің бұл бөлімінде кітапхана қорында сақталған ХХ-шы ғасырда басылып шыққан трактаттары ұсынылды. Оның ішінде Әл-Фараби «Әлеуметтік–этикалық трактаттар», «Философиялық трактаттар», «Қайырымды қала» және «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан «Он томдық шығармалар жинағы» да көрмеде өз орнын тапты. Сонымен қатар әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Қазақ университеті», «RS» баспа үйлерінен шығарылған әл-Фарабидің көп томдық еңбектері қойылды.
«Уақыт пен кеңістік аясындағы фарабитану». Көрменің бұл бөлімінде Әл-Фарабиге арналған биобиблиографиялық көрсеткіштер хронологиялық тәртіппен орналастырылған. Сонымен қатар «Әл-Фараби – Шығыстың ұлы ойшылы. Аль–Фараби – великий мыслитель Востока» жинағы, «Әл-Фараби және заманауи Қазақстан философиясы» монографиясы, «Әбу Насыр Әл-Фараби» энциклопедиясы көпшілік назарына ұсынылды. Әл-Фараби мұрасын зерттеу сөз болғанда ең алдымен есімізге Ақжан Машани түсері сөзсіз. А. Машановтың «Әл-Фараби: 870–1970: тарихи–деректі кітап», «Әл-Фараби және Абай» кітаптары. Сонымен қатар А. Көбесовтың «Әл-Фараби», «Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда» зерттеу еңбегі және т.б. кітаптары қойылған.
«Халықаралық Фараби форумдарының материалдары». Көрменің бұл бөлімінде әр жылдары университте және басқа оқу орындарында өткізілген Халықаралық Фараби оқулары аясындағы түрлі конференция, симпозиум, форум материал жинақтары қойылды.
Тарих ғасырлар күәсі. Бұл бөлімде университеттің тарих факультетінің оқытушы-профессорлардың енбектері қойылды. Б.Кәрібаевтың «Тәуелсіздіктің 30 айшықты оқиғасы», «Қазақ хандығы туралы зерттеулер», Т.Омарбековтың «Қазақ хандығының басқару институттары», Қ,Жұмағұловтың «Алтын Орда мәдениеті», М.Ноғайбаеваның «Қазақстан аумағындағы ХІІІ-ХV ғасырдың алғашқы жартысындағы этносаяси үрдістер», М.Қойгелдиевтың «Тарих-күрес алаңы» тағы басқа кітаптар қойылды.
Көрменің оқырмандық бағыты: Университетке іс-шараға жиналған әлеуметтанушы қауым, кітапхана пайдаланушылары – студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, кітапхана қызметкерлері т.б.
Көрменің нәтижесі: әл-Фараби кітапханасының қорындағы кітаптар таныстырылды.