Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бейбіт Исабаев, Ақылбек Күрішбаев және Нұртөре Жүсіп Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы келді. Жұмыс сапары барысында халық қалаулылары алдымен қалашықты аралап, білім ордасында атқарылған жұмыстарға қанықты. Сонымен қатар алдағы уақытта университетті дамытудың жоба-жоспарымен танысты.
Депутаттар ҚазҰУ студенттерімен «Жаңа саяси реформалар: жастардың рөлі мен үлесі» тақырыбында еркін форматта кездесу өткізді.
Кездесуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік тың реформаларды іске асыруда жастардың алатын орны зор екенін атап өтті. «Жастар – еліміздің келешегі. Өйткені олардың бойында ерекше күш-қуат, жігер бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы жастарды мемлекетті басқару ісіне барынша тарту мәселесін қолға алуда. Елдегі саяси реформалар қүш-қуатты, одан бөлек, оған деген сенім мен жігерді және талапты да қажет етеді. Біздің университетте еліміздің маңдайалды жастары білім алуда», – деді ректор.
Осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.
Күні: 30 наурыз 2022 жыл
Жастардың үлкен реформалардағы қоғамдық және саяси рөлін күшейту барлық халықтарға ортақ. Бұл жастардың модернистік жағдайларға бейімделу деңгейінің жоғары болуымен қатар жаңашылдыққа деген ұмтылысымен байланысты. Сондықтан олар қоғамдағы өзгерістерден шеткері бола алмайды. Яғни қоғамның өркендеуі, дамуы, болашаққа деген айқын және сенімді көзқарасының орнығуы — осы қоғамдағы жастардың мәдени-әлеуметтік концепциялық сипатымен байланысты.
Көрменің мақсаты: қоғамдағы жастардың жетістігін,рөлі мен үлесін, болашаққа деген көзқарасын көрсету.
Көрме 5 бөлімнен тұрады:
- Жаңа саяси реформалар: жастардың рөлі мен үлесі
- Жастардың қоғамдағы орны және жастар саясатының маңызы
- Саясаттың негізгі мақсаты – адам, қоғам, ел қамы
- Оқытушы–профессорлар құрамының еңбектері
- Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру
Жаңа саяси реформалар: жастардың рөлі мен үлесі. Жастардың қоғамдық-саяси рөлі ауқымды реформалар кезінде күшейюі барлық халыққа тән. Себебі, жастардың жаңа жағдайға бейімделуі немесе жаңашылдыққа ұмтылысы жоғары деңгейде болғандықтан қоғамдағы өзгерістерден шет қала алмайды. Жалпы қоғамның дамуы, болшағына деген сенімді көзқарастың қалыптасуы сол қоғамдағы жастар және жастардың әлеуметтік-мәдени ұғымдық болмысымен тікелей байланысты.
Жастар белсенділігі қоғамдық жүйенің дәрежесіне, елдегі саяси-әлеуметтік реформаларға, демократиялық бетбұрыстарға, мәдени құндылықтарға, ұлттық дәстүрге тәуелді, яғни жастар белсенділігінің әр кезде мәдени құндылықтық негіздерін анықтап отырудың заңдылыққа айналуымен байланыстырылады.
Жастардың қоғамдағы орны және жастар саясатының маңызы. Мемлекеттік жастар саясаты елдің әлеуметтік-мәени дамуының негізі болып табылады. Жастар саясаты өз кезегінде кез-келген елдің басты басымдығы. Өйткені жастар саясатының өзі жастардың қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, саяси, құқықтық, мәдени-рухани мәртебесін сақтау әрі қорғау шаралары жүйесі, осы тұрғыдағы мемлекеттік және қоғамдық органдардың қызметі болып табылады. Сондықтан еліміздің жастарын ұлтжандылыққа, адамгершілікке, білімділікке, өркениеттілікке тәрбиелеу біздің ең басты құндылықтарымыздың бірі болмақ. Осыған орай жастар арасындағы қызығушылықтар мен бейімділікке дұрыс бағдар ұсыну, оның еліміз үшін тиімділігін көрсету, жастарды ұлтжанды әрі білімді етіп тәрбиелеу қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі болмақ. Жастардың білімді әрі тәрбиелі болуы олардың бойында қалыптасқан рухани, ұлттық әрі ізгілікті қасиеттерінің дәрежесіне қарай жүзеге асады.
Саясаттың негізгі мақсаты – адам, қоғам, ел қамы. Саясаттың негізгі функциялары — қоғамдық өмірдің негізгі салаларын интеграциялау, қоғамның біртұтастығын және тұрақтылығын қамтамасыз ету. Саясаттағы жеке тұлғаның рөлі — жеке түлғаның саяси мәртебесі мен саяси мәдениеті, саяси кәсібилігінен туындайтын саяси қатынастарға, саяси үрдіске ықпал ету шарасы. Саясаттағы мақсат — саяси қызметтің тиімділігін айқындаушы маңызды құрылымдық элемент. Саясатта мақсат — саясат субъектісінің мүддесі мен мұқтаждықтарына сәйкес келетін нәтижеге қол жеткізу бейнесі. Мақсат нақты саяси қызметтің бастауы емес, оның орталығы. Ол реттеушілік қызметін атқарады. Яғни, саясат субъектілерінің мүдделері мен мұқтаждықтарына сәйкес болашақ әлеуметтік-саяси құбылыстар моделін қалыптастыру.
Оқытушы–профессорлар құрамының еңбектері. Философия және саясаттану факультетінің тарихы 1947 жылы психология және логика кафедрасының ашылуы мен 1949 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің философия және экономика факультетінің құрылуынан бастау алады. Философия және экономика факультетінің ең алғашқы деканы доцент Н.П. Дардыкин болған. Философия және саясаттану факультетінің тарихы өзінің бастауын 1947 жылы психология және логика кафедрасының ұйымдастырылуынан, содан соң 1949 жылы университетте философия және экономика факультетінің ашылып, 1951 жылы философия-экономика факультетіне біріктірілуінен бастайды.
Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халық¬тың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана та¬быс¬қа жетуге мүмкіндік алады. Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс¬ты¬рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жобаның мәні: Тарих, саясаттану, социология, философия, психология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, инновация ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасау.Алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таң¬даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау. 2018-2019 оқу жылынан бастап студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастау.Осыларды қамтамасыз ету үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес «Ұлттық аударма бюросы» құрылды. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарды бастап кетті.
Көрменің оқырмандық бағыты: студенттер, оқытушылар, іс-шараға қатысушылар, қонақтар және т. б. қатысушылар.
Көрменің нәтижесі: әл-Фараби кітапханасының қорындағы кітаптар таныстырылды.