Халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтың туғанына 120 жыл

Халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің туғанына 120 жыл толуына арналған «Көркем сөздің шебері» атты кітап көрмесі.

Мүсірепов Ғабит Махмұтұлы (1902-1985) — қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, әдеби сыншы, аудармашы, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Абай атындағы және Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген.

Осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.

Күні: 24 наурыз 2022 ж

көрменің мақсаты: Жазушының өнегелі өмірін, шындықты бетке айтатын қайсарлығын, қайратын үлгі ете отырып, жас ұрпақты туған халқы үшін аянбай еңбек етуге, ерлікке, мейірімділікке, елін сүюге баулу, жасаған игі істерін, оның шығармаларын таныстыру, шығармашылық ізденіске бағыттау, сөздік қорларын бағалау мақсатында өткен бұл көрме қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетін құрметтеуге, сөз құдіретін түсінуге тәрбиелейді.

Көрме 3 бөлімнен тұрады:

  • Ғ. Мүсіреповтың шығармашылығы;
  • Ғ. Мүсірепов жайлы естеліктер;
  • «Суреттер сыр шертеді» айдарымен өмірі, отбасылық жағдайы.

Ғ. Мүсіреповтың шығармашылығы; Ғабит Мүсірепов 1938 жылдан 1955 жылға дейін бірыңғай жазушылық жұмыспен шұғылданды. 1955-1966 жылдарда «Ара» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші хатшысы болды. 1966 жылдан өмірінің соңына дейін тек шығармашылықпен айналысты. Социалиетік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі, КСРО және Қазақ ССР Жоғары Советтерінің депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталык Комитетінің мүшесі, КСРО және Қазақстан жазушылар одақтары басқармаларының хатшысы, Азия-Африка елдерімен достық-ынтымақ жөніндегі советтік комитеттің және Еуропа мәдениеті коғамы аткару комитетінің, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің мүшесі ретінде қыруар қоғамдық жұмыстар аткарды.Ол қазақ әдебиетін дамытуға сіңірген еңбегі үшін көптеген ордендермен, медальдармен марапатталып, әдеби, ғылыми сыйлықтардың иегері атанды.

Ғ. Мүсірепов жайлы естеліктер; Шығармашылығын сүйіп оқитын Ғабеңнің болмысын қаншалықты танимыз?
«Ғабит Мүсірепов ғасырға жуық өмір сүрді. Ол аса бір мазасыз, қым-қуыт аласапыран заманда ғұмыр кешті.Ол елін емірене сүйді, ерлерін қастер тұтты, ездерін келеке етті. Махаббаты ту етіп, сұлулыққа құштар болды. Ғабит мұрасы – ұлттық байлық. Оның шығармаларымен қоса өзінің өмірі де біздің рухани тарихымыздың жарқын беттері. Сондықтан ол туралы айтылған әрбәр сөз, сақталған әрбір дерек келешек ұрпақ үшін де құнды болмақ»,-дейді жазушы С. Оразалы Мүсірепов туралы естелігінде.«Ғабит Мүсірепов 37-ші жылдың қуғын-қырғынынан қалай аман қалды? деген сұрақтар туады. Сөйтсек, оқиға былай болыпты. Бір күні Ғ.Мүсіреповті қамауға алуға ордер жазылып қойыпты. Енді ұстап әкетеді деп отырғанда, оның бағына сол күні «Правда» газетінде «Амангелді» киносценарийінен үзінді жарияланды. Сонда үш автордың біреуі — Б.Майлин халық жауы болып ұсталып кеткен. Енді Ғ.Мүсірепов те ұсталып кетсе, сонда сценарийдің авторы болып жалғыз В.Иванов қала ма? Осыны дәлел ете отырып, Мәскеуде А.Фадеев, Алматыда Л.Мирзоян күш біріктіріп, оған араша түседі.

«Суреттер сыр шертеді» айдарымен өмірі, отбасылық жағдайы. Жазушының жеке өмірі біраз адамдарды қызықтырды. Оның кербез мінезі, сүюге құштарлығы көркем келбетінен-ақ айқындалып тұрғандай. Ғабит Орынборда жүргенде педагогика институтында оқитын Құсни Яғфарова деген татар қызына ғашық болады. Көп ұзамай екеуі үйленеді. Ғабит Құсни апаймен қырық жыл отасады. Құсни апамыз жазушыны алақанына салып, аялап өткенін көзкөргендер жыр ғып айтады. Ақын Қадыр Мырза Әли «Иірім» атты естелік-эссесінде де осы Құсни апайдың әйел затының ішіндегі ең бір ақылдысы екенін ашып көрсеткен. Өмірінің соңына дейін жазушының бар жағдайын жасап, мұсылман әйеліне тән қызмет жасады. Екеуі 40 жыл бірге тұрып, Ғалия, Роза, Мара, Райхан есімді 4 қыз тәрбиелеп өсірген. Ғабит сүйе білді, өзі де сан арудың сүйіктісі болды. Атақ пен абыройдың тәтті дәмін, қақпайлау мен қудалаудың ащы запыранын бір адамдай-ақ татып көрді. Бірақ, қайсар мінез, ер жүрек, табиғи таланты оны жасытқан емес.

Көрменің оқырмандық бағыты: студенттер, оқытушылар, қонақтар және т. б.

Көрменің нәтижесі: әл-Фараби кітапханасының қорындағы кітаптар таныстырылды.

Яндекс.Метрика