Әл-Фараби кітапханасында Тарих факультетінің ұйымдастыруымен Наурыз: Дәстүр және жаңашылдық» атты ғылыми — тәжірибелік конференция өтті.
Наурыз – көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе” деп түрліше атаған.. Әбу Райхан Бируни, Омар һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған.
Осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.
Күні: 15 наурыз 2022 ж
Көрмені ұйымдастырушы: Әл-Фараби кітапханасы.
Көрменің мақсаты: Наурыз мерекесі туралы түсінік беру, Наурыз мерекесіндегі қызықты ойындар, қызықты оқиғалар жайында әңгімелеу.Оқырмандар,студенттер,келген қонақтардың бойында ұлттық салт-дәстүрімізге сай көріктілік, ептілік, ержүректілік қасиеттерін қалыптастыру. Өз халқының, Отанының азаматы болып қалыптасуына, қазақ халқының салт — дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, халық өнегесін үйрету. аталы сөздерін дәріптеуге, құрметтей білуге ықпал ету.
Көрме 5 бөлімнен тұрады:
- Көне дәстүрлерді қайта жаңғырту
- Туған өлкем – тұнған шежіре
- Наурыз – ұлыстың ұлы күні
- Салт – дәстүрім таусылмайтын байлығым
- Ұлттық киім мен тағам – ұлт мақтанышы
Көрменің қысқаша шолуы
Көне дәстүрлерді қайта жаңғырту Тәуелсіз елімізде ата – бабамыздың қалдырған көне салт – дәстүрлерін қадірлеп, жоғалғанды жаңғыртып, қайта жаңартатын ендігі болашақ ұрпақтың санасына сіңіру біздің міндетіміз. Ата дәстүрін ардақтау – қазақтың халық педагогикасының ұлттық ұжданы. Ата дәстүрі бойынша ең әуелі әкені, содан соң атаны, ата – бабаны құрметтеп, солардың алдында ұрпақтық қарыздарды өтеу – кейінгі ұрпақтың міндеті. Көрмеге «Көне дәстүрді қайта жаңғырту», 4 томдық «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»энциклопедиясы, 2 томдық « Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітаптары ұсынылды.
Туған өлкем – тұнған шежіре Қазақ халқының ұғымында туған жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Туған жердің тұнық суын ішіп, жұпар ауасын жұтқан әр бір адамның туған топырағына деген сезімі ерекше болса керекті. Қазақ халқы елболып бірігуі, ұлт болып ұйысу жолында талай белестерден өтті. Шежіре қуған көне көз қарттарымыз бен құйма құлақ ғалымдарымыздың айтуынша, Наурыз мерекесі «Нұқ пайғамбардың кемесі» Қазығұрт тауына келіп тоқтағаннан кейін, топан су тартылып, кемедегі жан-жануарлар жерге түскен кездегі қуаныштан басталыпты. Қазақ халқы балаға 7-9 жасында әкесінен бастап ағайын-туысын, нағашы жұртын, алыс-жақынды таныстыруға, ататегін, руын, ел-жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлінген, «Жеті атасын білу» заң болған. Әкесі, атасы балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймай, олардың қандай адам болғанын, ел-жұрты үшін жасаған ерлігі, өнегелі істері жайында әңгіме еткен.Көрмеге « Қазақ шежіресі», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік ,қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі», Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағы» сонымен қатар қорымызда бар Қазақ ұлт-тайпасының тарихы сериясымен жарық көрген шежіре кітаптары қойылды.
Наурыз – ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Көне парсы тілінде нава=жаңа + рәзаңһ = күн, «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған (но=жаңа + роуз=күн; мағынасы «жаңа күн»), яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі) білдіреді. Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі (2010 жылдан бастап). Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда — 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтіледі.
Салт – дәстүрім таусылмайтын байлығым Қазақ халқының сан алуан салт- дәстүрі бар. Халқымыздың салт- дәстүрлері қай халыққа болса да үлгі боларлық.Салт-әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар тұғырының негізі. Дәстүр-халықтың атадан балаға көшіп, жалғасын және дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, әдет-ғұрып,мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекеттер көрінісі. Қазақ халқының тұрақтанған дәстүрінің бірі – жеті атасын білу. Жеті атасын тарата білу арқылы әркім басқа рулармен байланысын білген. Жеті аталық ұстанымға негізделген туыстық байланыс институты әрбір казақтың өз ата-бабасын, жеті атасына дейін білу міндетін жүктейді. Қазақ халқы ұрпағына өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б. жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттатып өсіреді. Ағайындықтары жеті атаға толмай, жақын-жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды. Бұл бөлімге «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», Өмірбекованың «Қазақ халқының дәстүрлі өнері», «Традиционная культура казаов», Қасымхан Бегмановтың «Халқы мықтының салты мықты», және салт дәстүрге байланысты: «Күйеу келтір, қыз ұзат,Тойыңды қыл», «Беташар», «Қазақы неке», «Той» тағы басқа кітаптар қойылды.
Ұлттық киім мен тағам – ұлт мақтанышы «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі», — деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сыяпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш, белгі ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау құрметтеудің көрінісі деп бағаланған. Ертеде халық шеберлері қазақтың болмысына тән, кигенде ыңғайлы әр түрлі киім үлгілерін жасаған. Қазақ халқы асқа, тағамға үлкен мән берген. Халқымыз кәделі әрі орны бөлек тағамдарын ет пен сүттен жасаған. Қымыз, шұбат сияқты шипалы тағамдар батыс елдерінде мүлде жоқ. Бұл – біздің халқымыздың ерекшелігі. Ұлттық дастарқанымызға байланысты алуан түрлі терминдер бар және олар зерттеуді қажет етеді. Бұл терминдер – бай қазақ тілінің және ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бір бөлшегі. Сондықтан біз оны білуіміз және сақтауымыз қажет.Қазақ халқының дәстүрлі тағамдану жүйесі қоршаған экологиялық жүйемен және шаруашылығымен тығыз байланысты болды. Сондықтан қазақтың әрбір дәстүрлі тағамы денсаулыққа қажетті құндылық бола отырып, пайдасының зор екенін білеміз. Бұл ғылыми тұрғыдан да әлдеқашан дәлелденіп қойған. Қазақ халқының өмірінде ет тағамдары ең басты орынды иеленеді. Бұл тағам түрлерінің емдік, тұрмыстық қасиеттері бар.
Көрменің оқырмандық бағыты: конференцияға қатысушылар, қонақтар, кітапхана оқырмандары және т. б. қатысушылар.
Көрмеге қойылған құжаттар: кітаптар, журналдар.