Әл-Фараби атындағы кітапханада Мархабат Томанұлы Томановтың 90 жылдығына арналған «Түркологиядағы диахрондық парадигма» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
2022 жылы 3 наурызда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мәжіліс залында филология факультетінің ұйымдастыруымен қазақ тіл білімі ғылымының дамуына зор үлес қосқан көрнекті тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мархабат Томанұлы Томановтың туғанына 90 жыл толуына орай «Түркітанудағы диахрондық парадигма» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтеді, іс-шараға әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұсынады.
Осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.
Күні: 03.03.2022 ж.
Көрмені ұйымдастырушы: Әл-Фараби кітапханасы.
Кітап көрме 3-бөлімнен тұрады:
- Тіл тарихын зерттеген кемел ғалым
- Профессор Мархабат Томановтың туғанына — 90 жыл
- Қазақ тілінің тарихи грамматикасы
Көрмеге қысқаша шолу
Тіл тарихын зерттеген кемел ғалым. Мархабат Томанұлы Томанов 1932 жылы 5 ақпанда, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Абла ауылында туылған. Қазақ тіл білімі мен ғылымның дамуына зор үлес қосқан көрнекті тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы. Профессор М.Томанов көне түркі ескерткіштерін тек лингвистикалық тұрғыдан ғана зерттеп қоймай, сонымен бірге әдеби де, тарихи да, археологиялық та мұра ретінде қарастыруды жақтайды. Қазіргі зерттеу жұмыстарында бұл мәселе күрделі аспектіде жан-жақты әрі кешенді түрде қарастырылуда.
Профессор Мархабат Томановтың туғанына — 90 жыл. Филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық түркология комитетінің мүшесі болған М.Томановтың ғылыми еңбектері жан-жақты. Егер санамалап көрсетер болсақ, ол қалам тартпаған тіл білімінің саласы жоқтың қасы. Сондай ақ ғылымда туындап жатқан сан түрлі қажеттіліктердің үдесінен шығуды көздеген еңбекқорлық екені анық. Ғылымға деген, қазақ тіліне деген шексіз құрметтен туындаса керек. Томанов сондай-ақ, түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасын жазып, алтаистикада, түркі тілінде қалыптасқан ғылыми ойларға, тұжырымдарға сүйене отырып, бірінші рет қазақ тілінің тарихи грамматикасын жазды. Ежелгі деректерді кешенді, жан-жақты салыстыра зерттеу арқылы түркі тілдерінің фонетикалық және морфологиялық құрылысының басты ерекшеліктерін ашып көрсетті.
Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. Адамзат тілінің жүйесі – сан-салалы, көп қырлы процесс. Оның даму жүйесі өзіне тән түрлі заңдылықтардың болуымен ерекшеленеді. Тілдің байлығы өзге тілден сөз алумен емес, туған тіліміздің мағыналық, тұлғалық дамуға түсіп өрбуі нәтижесінде, сөйтіп туынды сөздің жасалуы арқылы іске асады. Осы тұрғыдан келгенде, сөзжасам процесі – сөздік қордың баюындағы бірден-бір құбылыс болып саналады.
Көрменің оқырмандық бағыты: қонақтар, кітапхана оқырмандары және т. б. қатысушылар.
Көрмеге қойылған құжаттар: кітаптар, журналдар, фотосуреттер.
Көрменің нәтижесі: Ғалым артына қазіргі қазақ тілінің синтаксисі, стилистикасы, морфологиясы, қазақ әдеби тілі, диалектологиясы, қазақ тілінің тарихи грамматикасы, ежелгі жазба мұрағаттар тілі, тарихи фонетика, түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы сияқты күрделі мәселелер жөнінде терең теориялық мәні бар үлкен-үлкен ғылыми еңбектер қалдырды. Құны атан түйеге бергісіз сүбелі ғылыми туындылар бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің мемлекеттік тілі саналатын қазақ тілінің болашақтағы ғылыми-теориялық тұрғыдан дамуына да талай уақыт қызмет ете берері даусыз.