Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Кітап fest» жәрмеңкесі өтті

Бүгін «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында «Кітап fest» жәрмеңкесі ашылды. Оған университет оқытушылары және білім алушы жастармен қатар, қала тұрғындары мен қонақтар келді.

Шараны университет ректорының кеңесшісі, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев ашып, адам үшін жан азығы болған кітаптың құндылығына тоқталды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жастарды біз үшін ең қымбат дүние – кітаппен қауыштырып отырмыз. Жәрмеңкеде оқу орнының «Қазақ университеті» баспа үйі өнімдерімен қатар, өзге де  баспа, кітап дүкендерінің өнімдері таныстырылатын болады», – дей келе, осындай игі іс-шаралардың жиі өтуін тіледі.

Жәрмеңкеде жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту мақсатында «Қазақ университеті», «Qazyna», «Kitapal», «MARFU Press» баспалары мен кітап дүкендері оқырмандарға көптеген жаңа туындыларын ұсынып отыр.

Осы іс-шараға байланысты Әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырды.

Күні: 9 желтоқсан 2021 ж

Көрмені ұйымдастырушы: әл-Фараби кітапханасы.

Сонымен қатар келушілер Әл-Фараби кітапханасының ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент», «Билік сабақтастығы», «Тәуелсіздіктің бейбіт күндері», «Тәуелсіздік жылдарындағы сыртқы саясат», «Тәуелсіздік шежіресі» тақырыбындағы танымдық кітап көрмесімен  таныса алады.

Көрменің оқырмандық бағыты: көрмеге қатысушылар, қонақтар, кітапхана оқырмандары және т. б. қатысушылар.

Көрмеге қойылған құжаттар: кітаптар, журналдар.

Яндекс.Метрика