Ғылымға ғұмыр арнаған ғалым – Төлеген Қожамқұлов

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Қожамқұловтың 80 жылдық мерейтойына орай кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрме көрнекті ғалымның өмір жолы мен ғылыми қызметін, отандық ғылымға қосқан үлесін және ғылыми мұрасын жан-жақты таныстыруға арналды.

 Көрменің мақсаты: Ғалымның ғылыми жетістіктерін, физика-математика ғылымдарының дамуына қосқан үлесін кеңінен таныстыру, сондай-ақ оның еңбектері арқылы жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын арттыру.

Сонымен қатар университет ғалымдарының ғылыми еңбектерін насихаттау және Төлеген Қожамқұлов мұрасын дәріптеу.

 Көрме қоры: көрмеге кітапхана қорынан ғалымның ғылыми еңбектері, монографиялары, мақалалары, мерейтойлық жинақтар, естеліктер мен                       Т. Қожамқұлов туралы жазылған зерттеу материалдары қойылды.

Көрме бөлімдері: «Ғылымға  ғұмырын арнаған тұлға», «Ғылыми мұра және зерттеулер», «Ұстаздың көшбасшылық жолы», «Ғылыми жарияланымдар – мерзімді басылымдар бетінде»

Көрме бөлімдеріне қысқаша шолу:

  1. «Ғылымға  ғұмырын арнаған тұлға»

Бұл бөлімде Төлеген Қожамқұловтың өмір жолы, ғылыми қалыптасуы және ұстаздық қызметі туралы «Физик-теоретик Төлеген Қожамқұлов», «Төлеген Толғау», «Ғылым көкжиегінде», «Азамат. Қайраткер. Ғалым» атты басылымдар, сондай-ақ «Элита», «Өнегелі өмір», «Летопись», «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы», «Кто есть кто», «Жетісу» т.б энциклопедиялар және мақалалар қойылды. Аталған материалдарда оқырмандар назарына ғалымның білім алған кезеңдері, ғылымдағы алғашқы қадамдары, сондай-ақ еліміздің ғылым саласына сіңірген еңбегі туралы деректер береді.

2️. «Ғылыми мұра және зерттеулер»

Аталған бөлімде ғалымның физика-математика саласындағы ғылыми еңбектері: «Кванттық механика», «Кванттық механика : пәнінің оқу-әдістемелік кешені», «Система перевода кредитов», «Кванттық механика есептерінің жинағы : оқу құралы», «Релятивистская механика», «Релятивистская электродинамика», «Элементы релятивистской квантовой теории» атты еңбектері ұсынылды. Бұл кітаптар мен оқу құралдары оның ғылыми ізденістерінің негізгі бағыттарын, теориялық тұжырымдарын және ғылымға қосқан жаңалықтарын қамтиды және отандық ғылымның дамуына зор үлес қосқан құнды ғылыми мұра болып саналады.

3. «Ұстаздың көшбасшылық жолы»

Бұл бөлімде Төлеген Қожамқұловтың Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында қызмет атқарып, университеттің ректоры ретінде  ол жоғары білім мен ғылымды дамытуға, университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға және халықаралық байланыстарын кеңейтуге зор үлес қосқан  кезеңіне арналады. ҚазҰУ-дың 70 жылдығына орай әр факультетке арнайы дайындалған мерейтойлық кітап топтамалары қойылды, бұл топтамларда әр факультет тарихы, оқытушы-профессорлық құрамы, жетістіктері, оқу процестері, факультеттің тыныс тіршілігі көрсетілген.

3. «Ғылыми жарияланымдар – мерзімді басылымдар бетінде»

Бұл бөлімде Төлеген Қожамқұловтың мерзімді басылымдарда жарық көрген ғылыми мақалалары мен публицистикалық еңбектері ұсынылды. Республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған мақалалары қойылып, ғалымның ғылыми ізденістерінің ауқымы мен өзектілігі көрсетілді. Бұл еңбектерде физика-математика ғылымдарының маңызды мәселелері, теориялық тұжырымдар мен зерттеу нәтижелері кеңінен қамтылған. «Келешек кілті – білімде» / Т. Қожамқұлов // Егемен Қазақстан. — 2002. — 12 ақпан, «Мақсат — адам қалыптастыру» / Т. Қожамқұлов // Ақиқат. — 2003. — №12. — 6 — 11 б., «Негізгі міндет — уақытқа сай маман даярлал қана қоймай, заманға сай адам қалыптастыру деп білемін» / Т. Қожамқұлов // Қазақ университеті. — 2002. — №05 — 28 мамыр. — 3 б., «Сапалы білім — бәсекеге қабілеттіліктің негізі» /Т. Қожамқұлов // Егемен Қазақстан. — 2008. — 23 қаңтар., «Микродүниенің бүгінгі бейнесі» / Т. Қожамқұлов // Зерде. — 1994. — №8. — 5-6 б,. сияқты мерзімді басылымдардағы жарияланымдар ғалымның ғылыми қауымдастықтағы орнын айқындап, оның отандық және халықаралық деңгейдегі беделін көрсетеді.

Ұйымдастырылған кітап көрмесі Төлеген Қожамқұловтың ғылыми мұрасын жан-жақты таныстыруға мүмкіндік беріп, ғылыми қызметке деген қызығушылықты арттыруға және білім алушылардың танымдық белсенділігін қалыптастыруға ықпал етті.

Яндекс.Метрика