Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында көрнекті ғалым, академик, ұлағатты ұстаз, Қазақстан ғылымы мен білімінің ірі қайраткері, университеттің 1970–1986 жылдар аралығындағы ректоры болған Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің 95 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шара өтті.
Мерейтой аясында кітапхана қорынан арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда ғалымның өмір жолы, ұстаздық қызметі, ғылымдағы жетістіктері мен ұйымдастырушылық қабілеті кеңінен насихатталды. Көрмеге оның ғылыми еңбектері, монографиялары, мақалалары, сондай-ақ замандастары мен шәкірттерінің естелік кітаптары қойылды. Экспозиция ғалымның қалыптастырған ғылыми мектебі мен отандық ғылымның дамуына қосқан зор үлесін жан-жақты таныстыруға бағытталды.
Сонымен қатар, іс-шарада қонақтар академиктің қызмет жолынан сыр шертетін фотосуреттермен, архивтік құжаттармен және сирек басылымдармен танысты. Ғалымның өмірі мен еңбегіне арналған бейнеролик көрсетіліп, оның ғылымға деген адалдығы, ұстаздық биік парасаты мен адамгершілік болмысы айқын көрініс тапты.
Іс-шара барысында сөз алған академиктер, университет профессор-оқытушылары мен шәкірттері Өмірбек Арысланұлының ғылым мен білім саласындағы ерен еңбегін атап өтіп, оның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін ерекше құрметпен еске алды. Өз естеліктерінде олар ғалымның талапшылдығы мен қамқорлығын, көреген басшылығын және ғылымға деген шынайы жанашырлығын тебіреніспен жеткізді.
Мерейтойлық іс-шара жас ғалымдар мен студенттер үшін тағылымды әрі рухани мәні зор басқосу болды. Іс-шара барысында академиктің ғылыми мұрасын насихаттау, еңбектерін кеңінен дәріптеу және оның есімін ұлықтау бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретіні атап өтілді.
Жарияланған күні: 03 марта 2026