«Марко Полоның саяхаты» кітабының тұсаукесері өтті

Әл-Фараби атындағы кітапханада «Марко Полоның саяхаты» кітабының тұсаукесері өтті. Аталған еңбек италиян тілінен қазақ тіліне Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ка’ Фоскари (Венеция) университеті ғалымдарының бірлескен жобасы аясында аударылды.

Бұл басылым – ортағасырлық италиян тілінде жазылған, Джованни Баттиста Рамузио дайындаған 1559 жылғы венециялық нұсқадан қазақ тіліне алғаш рет тікелей жасалған аударма.

Аудармашы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, Ка’ Фоскари университетінің постдокторантура зерттеушісі Райма Ауесхан.

Тұсаукесер рәсіміне Кa’ Фоскари университетінің вице-ректоры  Антонио Маркомини, профессоры Рагагнин Елизабетта, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры А.К. Галеева, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р.А. Авакова және аталған кафедра мен филология факультетінің ғалымдары мен докторанттары, магистранттары, студенттері қатысты. Сонымен қатар, кітап таныстырылымына А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан, Абай атындағы ҚазҰПУ-дан келген профессор-ғалымдар атақты саяхатшының кітабының аудармасы туралы пікір айтып, аудармашысы Ауесхан Раймаға шығармашылық табыс тіледі.

Тұсаукесер аясында Әл-Фараби кітапханасы қорынан Италияға арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Италияның тілі мен мәдениетін, әдеби мұрасын сипаттайтын кітаптар қойылды.

Тұсаукесері жасалған кітаптың 5 данасы кітапхана қорына сыйға тартылды. Бұл еңбек филологтар, шығыстанушылар, тарихшылар, географтар үшін құнды ғылыми дереккөз ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Яндекс.Метрика