Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында 2024 жылғы 11 қарашада заң факультеті мен Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының ұйымдастыруымен «Болашақ прокурор кеңістігі» бұрышының ашылуына арналған кездесу өтті. Шараның негізгі мақсаты – құқық қорғау саласына қызығушылық танытқан жастарды терең біліммен қамтамасыз етіп, прокуратура қызметіне жаңа, заманауи көзқарас әкелетін мамандарды даярлау.
«Болашақ прокурор кеңістігі» іс-шарасына Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы, қала прокуратурасының өкілдері, университетіміздің заң факультетінің басшылығы, оқытушылары мен білім алушылары, кітапхана қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. «Болашақ прокурор кеңістігі» кітапхананың классикалық оқу залында, заң әдебиеттері орналасқан бөлігінде ашылды. «Болашақ прокурор кеңістігі» бұрышын ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов пен ҚР Бас прокуратурасының Идеологиялық тәрбие, психологиялық және кадрлық жұмыс басқармасының бастығы Ернұр Уәли салтанатты түрде ашты.
Бұрышта Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы сыйға тартқан прокуратура тарихы, қоғамға белгілі заңгерлер мен көрнекті қайраткерлердің өмірі және қызметі туралы жазылған кітап-журналдар қойылды. Кітапханаға сыйға беріліп, «Болашақ прокурор кеңістігінде» қомақты орын алған кітаптар ішінде – «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары. ХХ ғасырдың 20-50 жылдары» 50 томдық басылымы. Сонымен қатар іс-шараға Әл-Фараби кітапханасына жаңа түскен заң әдебиеттерінен құралған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
«Болашақ прокурор кеңістігі» бұрышын ашуға арналған іс-шара барысында қонақтар – Бас прокуратура, қала прокуратурасының өкілдері жас буын – болашақ заңгерлерге прокуратура қызметінің маңызды аспектілері, оның заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті сақтаудағы рөлі туралы ақпарат берді. Бас прокуратураның тәжірибелі қызметкерлері студенттерге мамандықтың ерекшеліктері мен болашақ прокурорлардың өз кәсіби біліктілігін арттыру жолдары жөнінде кеңестер беріп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Талқыланған мәселелердің бірі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына оқуға түсу шарттарына қатысты болды. Прокуратура өкілдері академияда болашақ заңгерлерді кәсіби даярлау бағдарламалары, сондай-ақ магистратура мен докторантура бағдарламалары ұсынылатынын түсіндірді.