Ел үшін еңбек етсең халқың сүймек,
Біз үшін отқа, суға түсіп жүр деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек.
Сұлтанмахмұт Торайғыров
Көрменің мақсаты: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу. Зиялы ұлт азаматтарының өмір жолдары, еңбектері жайлы ақпараттарды ұсыну арқылы 1927-1953 жж. ақтаңдақтар ақиқатын, тарихи шындықты оқырман қауымға, жас ұрпаққа жеткізу, тереңірек таныстыру. Өткен тарихымыздан тағылым ала отырып, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ету.
XX ғасырдың 1937-1938 жылдардағы сталиндік жүйенің «Үлкен террор» атты саяси қуғын-сүргіні қазақ даласын қанға бөктіріп, қаншама жазықсыз халықты атты, темір торға тоғытты, итжеккенге айдады және басқа да зорлық-зомбылықтардың небір түрін жасады. 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам жан сауғалап, елден босып кетті. Одан кейінгі саяси репрессия қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты. Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті.
Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақстанға еріксіз, күшпен жер аударылып келген 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көрді. Қазақ халқының жанашырлығы мен көмегінің арқасында олар жан сақтап, аман қалды.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жаппай саяси қуғын-сүргіндерге ұшыраған адамдарға қатысты әділеттілікті қалпына келтіру, осы қуғын-сүргіннің барлық құрбандарын ақтау, оларға тигізген моральдық және материалдық залалды қазіргі уақытта барынша мүмкін болатын өтеуді қамтамасыз ету мақсатында 1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылдады.
Тарихтан тағылым – өткенге тағзым. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады. Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек» деп атап өтті. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте сақтау мақсатында, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Осы күнге орай әл-Фараби атындағы кітапхана Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арнаған«Зұлмат жылдардан сыр шерткен көрме» атты тарихи-құжаттық ақпараттар көрмесін ұсынды.
Көрменің оқырмандық бағыты: Кітапхана пайдаланушылары – ЖОО-ның студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар, кітапхана қызметкерлері, колледж және мектеп оқушылары, көпшілік қауым.
Өтетін орны: Әл-Фараби кітапханасының ғимараты, фойе, 2-қабат, 31.05.-11.06.2021 ж.
Көрме бөлімдері:
- Зұлмат жылдардан сыр шерткен көрме;
- Аштық жайлаған дала;
- Зұлмат жылдар қасіреті;
- Алашордашылар және саяси қуғын-сүргін;
- Алаш туы астында;
- Алаш айтқан асыл сөз.
Көрме құжаттары: Дәстүрлі кітаптар, мерзімді басылымдар, электронды презентациялар, фотоматериалдар, деректі фильмдер мультимедиялық флипчарт арқылы ұсынылды.
Толық тұжырымдамасын жүкету (осы жерді басыңыз).
Көрменің фото галереясы
Көрменің видео жазбасы