КазҰУ-да Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні атап өтілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, оқырмандардың зор қызығушылығын тудырды. Аталған мерекелік күндер аясында кітаптың құндылығын дәріптеу, оқу мәдениетін қалыптастыру және заманауи кітапхананың рөлін айқындау мақсатында мазмұнды әрі танымдық бағдарламалар жүзеге асырылды.

Іс-шаралар легі «Кітапхан» жобасының негізін қалаушысы Хамит Ердеханмен өткен танымдық кездесуден бастау алды. Кездесу барысында қонақ жастармен еркін пікір алмасып, кітап оқудың маңыздылығы мен жеке дамудағы рөлі туралы ой бөлісті. Бұл жүздесу студенттерге ерекше мотивация беріп, рухани серпіліс сыйлады.

Сонымен қатар, «Ұмыт болған құнды кітаптар» көрмесі оқырмандарға мазмұны терең, алайда уақыт өте назардан тыс қалған еңбектерді қайта таныстыруға мүмкіндік берді. Көрме аясында келушілер сирек кездесетін және құнды әдебиеттермен жақынырақ танысты.

«Ұмытпа, оқырман!» акциясы да өз нәтижесін беріп, оқырмандарға кітапханаға қарыз әдебиеттерін айыппұлсыз қайтаруға жағдай жасалды. Бұл бастама кітапхана қорын түгендеуге және оқырман жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.

23 сәуір күні ұйымдастырылған «Ғасырлар сырын сақтаған сирек кітаптар» экскурсиясы ерекше әсер қалдырды. Қатысушылар Академик Ә.Дербісәлі атындағы сирек және құнды кітаптар мен қолжазбалар қорымен танысып, тарихи мұралардың маңызын терең сезінді.

Сондай-ақ, «KitapQuest» интеллектуалды сайысы жастардың логикалық ойлау қабілетін дамытып, кітап пен мәдениетке деген қызығушылығын арттырды. Қатысушылар белсенділік танытып, білім мен тапқырлықтарын сынға салды.

Апта бойы өткен «Жаңа кітап – жаңа мүмкіндік» көшпелі көрмесі жаңа түскен әдебиеттерді факультеттерде кеңінен таныстырып, оқырмандардың ой-өрісін кеңейтуге өз үлесін қосты.

Аталған іс-шаралар кешені кітапхананың тек білім ордасы ғана емес, сонымен қатар рухани және мәдени орталық ретіндегі маңызын айқындай түсті. Кітап пен кітапханашы еңбегіне деген құрмет артып, оқырмандар белсенділігі жоғары деңгейде көрінді.

Яндекс.Метрика