Әл-Фараби кітапханасында Берікбай Сағындықұлының 85 жылдығына арналған «ЖАДЫМДА ҚАЛДЫҢ ЖАҢҒЫРЫП» атты дөңгелек үстел өтті.
Профессор Берікбай Сағындықұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қармақшы ауданының құрметті азаматы
Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты: қонақтарды, ОҚП, студенттерді кітапхана қорындағы Берікбай Сағындықұлының зерттеген ғылым саласымен таныстыру, қазақ тілі мен түркі тілдерінің заңдылықтарына арналған еңбектермен таныстыру.
Көрме бөлімдері:
- «Жадымда қалдың жаңғырып»
- «Ғалымды таныған ғалым»
Жадымда қалдың жаңғырып. Б. Сағындықұлы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Э. Н. Наджиптің жетекшілігімен 1977 жылы филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіна алу үшін «XIV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» атты тақырыпта диссертация қорғайды. Аспирантураны бітіргеннен кейін 1975-79 жылдар аралығында Қазақ ССР «Ғылым» баспасына редактор, редакция меңгерушісі болып қызмет істейді. 1979 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне аға оқытушы ретінде қабылданады. Қазақ филологиясы кафедрасында 1984 жылдан доцент, 1997 жылдан қазірге дейін профессор болып қызмет істейді. Б. Сағындықұлы филология ғылымдары докторы ғылыми дәрежесін алу үшін 1994 жылы «Қазақ тілі лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» деген тақырыпта диссертация қорғады. Оның «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» деп аталатын монографиялық еңбегін ғылыми жұртшылық жылы қабылдады. Көрменің бірінші бөлімінде профессордың «Таңдамалы туындылар», ««МУХАББАТ-НАМЕ» ескерткішінің (ХІVғ.) мәтіні», «Қазіргі қазақ тілі», «Құрамдас сөйлемдер жүйесі» атты еңбектері және конференц-материалдары ұсынылды.
Ғалымды таныған ғалым. Профессор Б. Сағындықұлы әр түрлі ғылыми бағыт бойынша қырық жылға жуық уақыттан бері жемісті еңбек етті. Ең алдымен оның түркологияның сан салалы ғылыми-теориялық мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өткіміз келіп отыр. Бұл бағытта ғалым, аталған докторлық диссертациясында, ірі-ірі жаңалықтар ашты. 1) Ғалым дауысты дыбыстардың да, дауыссыз дыбыстардың да түпкітектерін (архетиптерін) көне түркі жазба ескерткіштері, қазіргі түркі тілдері, сондай-ақ олардың диалектілері мен говорлары негізінде алғаш рет ашып айқындады. 2) Тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлерде түркі тілдерінде жіңішке дауыстылар мен ұяң дауыссыздардың мүлде болмағандығын айқындап берді. Көрменің бұл бөлімінде ғалымның «Түркі тілдері лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары», «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» атты еңбектері және мерзімді басылымдар бетінде жарияланған мақалалары ұсынылды.
Сондай-ақ әл-Фараби кітапханасында өткен іс-шараларды сілтеме арқылы көре аласыз: осы жерде