Ұлы істің ұйытқысы

2022 жылдың 22 қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ахметова Гүлнас Кенжетайқызының 70 жасқа толуына орай «Университеттегі педагогикалық білім беру стратегиясы: заман сындары мен инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ахметова Гүлнас Кенжетайқызы қазақстандық ғалым-ұстаз және қоғам қайраткері, ЖОО және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді ұйымдастыру саласындағы маман, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, білім беру идеялы теориясын жасаушы. 1986 жылдан бастап осы уақытқа дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да доцент, педагогика кафедрасының меңгерушісі, оқу-әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі проректор қызметтерін табысты атқарды. Қазіргі таңда ғылыми-педагогикалық қызметін педагогика және білім беру менеджменті кафедрасында табысты жалғастыруда.

Осы іс-шараға байланысты әл-Фараби кітапханасы ақпараттық-құжаттық көрме дайындады.

Көрменің мақсаты:

1) Конференцияға қатысушыларды, профессорлық-оқытушылық құрамды, университет студенттерін Ахметова Гүлнас Кенжетайқызының ғылыми еңбектерімен (монографиялары, оқулықтары, мақалаларымен), сондай-ақ педагогика бойынша оқу және ғылыми әдебиетпен, ғалымдардың, педагогтардың жұмыстарымен, жарияланымдарымен таныстыру;
2) Көрмеге келушілерді кітапхана қорындағы қазіргі заманғы жоғары білімнің, біліктілікті арттырудың өзекті мәселелері бойынша оқу, ғылыми әдебиетпен, сондай-ақ педагогика және оқыту технологиялары бойынша заманауи әдебиетпен таныстыру.

Көрме 4 бөлімнен тұрады:

  • Ұлы істің ұйытқысы
  • Педагогикалық білім
  • Жоғары білім беру мәселелері
  • Білім берудегі технологиялар

Ұлы істің ұйытқысы. Көрме Г.К. Ахметованың ғылыми-педагогикалық шығармашылығын ашатын бөлімнен басталады. Бұл жерде Г.К. Ахметованың жоғары білім беруді ұйымдастыру бойынша жазған еңбектері қойылған: «Государственный общеобязательный стандарт образования: соответствие международному и казахстанскому рынку труда», «Кредитная система обучения: опыт внедрения и перспективы», «Проектирование образовательных программ: сравнительное образование»; сонымен қатар проф. П.И. Пидкасистыйдың редакциясымен Г.К. Ахметова мен Ш.Т. Таубаева қазақ тіліне аударған педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттеріне арналған «Педагогика» оқулығы (2006), З.А. Исаева және Н.А. Әлқожаевамен бірлесе жазған қазақ тіліндегі тағы бір оқу құралы – «Педагогика»; мұғалімдерді даярлау мәселелеріне арналған «Ұстаз дайарлаудың өзекті мәселелері» кітабы, Г.Қ. Ахметованың «Білім – менің бүкіл өмірімнің ісі» мақалалар жинағы (1998), Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Білім және ғылым министрлігінің Хабаршысында жарық көрген «Заманауи білім беру идеалы» (2001 ж., №2), т.б.; педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру мәселелеріне арналған «Состояние и перспективы развития института повышения квалификации кадров КазНУ имени аль-Фараби» (2005 ж.) атты еңбегі және т.б. кітаптары қойылған.

Педагогикалық білім. Көрменің бұл бөлімінде Қазақстан ғалымдары мен педагогтарының ғылыми еңбектері – педагогика тарихы, педагогика бөлімдері бойынша монографиялары, жинақтары, оқу-әдістемелік құралдары қойылған. Мысалы, Ж.Әбиевтің «Педагогикасы тарихы» оқулығы (2006 ж.), С.Ұзақбаеваның «Этнопедагогика» оқу-әдістемелік кешені (2019 ж.), «Жоғары мектеп педагогикасы» оқу құралы (2015), авторлық ұжымның «Әл-Фараби педагогикасы» (2021) және т.б. кітаптар орналасқан.

Жоғары білім беру мәселелері. Экспозицияның бұл бөлігі жоғары білім берудің өзекті мәселелеріне арналған. Мұнда Қазақстан тәуелсіздігі кезеңіндегі білім мен ғылымның дамуы туралы баяндайтын «Қазақстанның білімі мен ғылымы: жасампаздық хроникасы» кітабы, А.Құсайыновтың «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы», т.б. кітаптар қойылған. Сонымен қатар көрмеде «Рухани жаңғыру. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылып шығарылған Диана Бертон мен Стив Бартлеттің «Білім берудегі зерттеулер», Дейл Х.Шунктің «Оқыту теориясы. Білім беру көкжиегі» атты әлемдік бестселлерлері де орын тапқан.

Білім берудегі технологиялар. Көрменің соңғы бөлімінде білім берудің заманауи әдістеріне, жаңа технологияларына арналған кітаптар қойылған. Бұл, атап айтқанда, Қ.Молдасанның «Педагогикалық коучинг» (2020), А.Мұхаметжанованың «Тәрбие жұмысының әдістемесі және технологиясы», А.Қыраубаеваның «Пәнді оқытудағы заманауи ізденістер: технология және жаңашылдық» атты оқулықтары және т.б.
Мұнда да «Рухани жаңғыру. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылып шығарылған кітаптар бар. Бұл Поллард Эндрюдің мектептегі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, үздіксіз кәсіби даму әдістеріне арналған «Рефлективті оқыту негіздері» (2020 ж.) атты кітабы.

Ұйымдастырушы: Әл-Фараби атындағы кітапхана

Көрменің оқырмандық бағыты: Ғылыми-практикалық конференция қатысушылары, журналистер, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, т.б.

Көрме құжаттары: кітапхана қорынан 200-ге жуық кітап, мерзімді басылымдар.

Яндекс.Метрика