Кенен мұрасы – халық қазынасы

Білім мен ғылым ордасының қарашаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығы аясында білім мен мәдениеттің, ізгілік пен руханияттың киелі мекеніне айналған Әл-Фараби кітапханасы ұйымдастырған «Кенен мұрасы – халық қазынасы» тақырыбында кездесу кеші өтті. Іс-шара 2024 жылы аталып өтетін мерейлі күндер күнтізбесіндегі қазақтың халық ақыны, жырау, әнші және композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері КЕНЕН ӘЗІРБАЕВТЫҢ 140 ЖЫЛДЫҒЫНА арналды.

Кештің мақсаты – артына өшпес мол мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірімен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан ақын Кенен Әзірбаевтың шығармашылығын насихаттау.

Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар – ақын ұрпақтары ҚР мәдениет қайраткері, Жамбыл облысы Қордай ауданының және Алматы облысы Іле ауданының Құрметті азаматы Төрткен Кененқызы; ақынның кенже қызы Ақбілек Кененқызы, ақынның жиені Жұрынова Баян Тасығанқызы, ақынның немересі, Қордай аудандық К.Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің әдіскері Кененов Мұрат Көркемжанұлы, ақынның немере келіні Гүлайша Сапарқызы және «Қордай аудандық К. Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Жаманкөзев Алмабек Аманкелдіұлы, филология ғылымдарының кандидаты, кенентанушы Өтен Айгүл Жақсылыққызы, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Жамбыл атындағы филармонияның жеке дауыстағы әншісі Біржан Бәзілжанов қатысты.

Алғашқы сөз асылдың сынығы Төрткен апайға беріліп, кеш барысында келген қонақтарға кезек-кезек сөз беріліп, естеліктерімен бөлісіп, Кенен атамыздың әндері шырқалып, әсерлі кеш жалғасын тапты.

Кенентанушы Өтен Айгүл кешке қатысушыларға Кенен Әзірбаевтың өлеңдерінің өзіндік ерекшелігін сипаттап, ақын шығармашылығын ғылыми тұрғыдан қарастырып баяндап берді.

Кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Кенен Әзірбаев – ақын, әнші, композитор» және «Кенен мұрасы» деп аталған 2 бөлімнен тұратын кітап көрмесі таныстырылды. Көрмеге Әл-Фараби атындағы кітапхана қорында жинақталып сақталған Кенен Әзірбаевтың шығармалары мен ақын туралы ақпарат басылған энциклопедиялар, ақынның қызы Төрткен Кененқызының және ұлы Бақытжан Кененұлының естелік кітаптары, ақынның өмірбаяны мен шығармалары туралы мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар, ақынның көзі тірісінде 90 жылдық тойында дайындалған «Кенен Әзірбаевтың әндері» грампластинкасы және миниатюралық альбом суреттері қойылды. Сонымен қатар, кітапхананың бас библиографы Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығын сипаттайтын материалдарды, оның жарияланымдары мен ол туралы әдебиеттерді қамтитын кітапхана қорындағы әдебиеттердің библиографиялық тізімін дайындап ұсынды. Кітапхананың Цифрландыру орталығының қызметкерлері Кенен Әзірбаев кітаптары оқырмандарға қолжетімді болу үшін электрондық нұсқасын PDF форматта даярлап, Әл-Фараби кітапханасының сайтына орналастырды. Авторлық құқықты сақтау мақсатында кітаптар жүктелмейді, тек оқу үшін ұсынылады.

Ақынның Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Кенен ауылында орналасқан Қордай аудандық Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің директоры Алмабек Аманкелдіұлы музейдің тыныс-тіршілігімен таныстырып, оқырмандар қызықтырған сұрақтарға жауап берді, сонымен қатар музей қызметкерлері дайындаған ақын туралы әр түрлі тақырыптағы кітапшалар, ақын мен қызы Төрткен Кененқызының орындауындағы әндері жазылған үнтаспалар кітапханаға сыйға берілді. Музей әдіскері Мұрат Көркемжанұлы Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арнайы дайындалған ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Ғасырында бір келер қазағымның бұлбұлы» фотокөрмесімен таныстырды. Ақын ұрпақтары аталары туралы өздері жазған естелік кітаптарын сыйға беріп, кітапхана қорын Кенен Әзірбаев туралы кітаптармен толықтыруға үлес қосты.

Ақын ұрпақтарына, Қордай аудандық Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің қызметкерлеріне, Кенен зерттеушілеріне, Кенен әндерін орындаушы дәстүрлі әншілерге сөз берілді.

Кездесуге университет оқытушылары, кітапхана қызметкерлері және ақын шығармашылығымен танысқысы келген студенттер қатысты. Кеш барысында қонақтармен еркін сұхбаттасу орнап, оқырмандар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Кеш соңында сөз алған университет оқытушысы, Жазушылар Одағының мүшесі Әбенов Болат Құсайынұлы кештен алған әсерімен бөлісіп, алдағы уақытта да осындай әсерлі кездесулер жалғасын табатынын айтты.

Кеш қонақтарына Әл-Фараби музейі, кітапхананың функционалдық аймақтары және қызметі таныстырылып, экскурсия жасалынды. Кеш соңында қонақтар естелікке суретке түсті.

Яндекс.Метрика