Академик К.Н.Нәрібаевқа арналған кітап көрмесі (18.06.2021)

Көпжасар Нәрібаев 1990 жылы Министрлер Кеңесінің Экономикалық реформа жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасының орынбасары болып, бір жылдан кейін Қазақстанның бірінші университетінің ректоры етіп тағайындалған. Ол университетке Шығыстың ең танымал энциклопедиялық ғалымы Әл-Фарабидің есімін беруге және 1993 жылы университетке ұлттық мәртебе беруге қол жеткізді. Академик К.Н. Нәрібаев АҚШ, Франция , Корея, Египет, Жапония, Германия, Үндістан, Италия, Түркия, Таиланд, Қытай, Бельгия елдерінде өткізілген көптеген халықаралық ғылыми конференциялар мен семинарлардың белсенді қатысушысы болып табылатын. Дегдар болмысты академик ғылым мен білім беру саласы туралы 200-ден аса зерттеу еңбек жазған. Оның ішінде отыздан аса монография, оқулық және оқу құралдары да бар. Сол еңбектерімен 18.06.2021жылы өтетін конференцияда таныса аласыздар.

Академик К.Н.Нәрібаевтың еңбектеріндегі Қазақстан Республикасы экономикасының инновациялық дамуы мен жоғары білім беру жүйесінің қазіргі мәлелелеріне орай ұйымдастырылған кітап-көрмесі 5 бөлімнен тұрады.

1-бөлім. Ғалым, Азамат, Басшы!

 Көпжасар Нәрібаев ел экономикасы қиын жағдайға тап болған 90-жылдары ҚазҰУ-ды құлдыратпай ұстап тұрған, отандық білім ошақтарының көшін бастатқан нағыз білікті Ғалым, алысты болжайтын көреген Басшы болды. Көпжасар Нәрібайұлы болмыс-бітімі, жүріс-тұрысы таза, қазақ қоғамына ықпалы бар, үлкенді-кішілі оқиғалардың басы-қасында жүретін, солардың ішінде қайнап жетілген сирек Азаматтардың бірі еді. Өзі 1960жылы түлек болып, диплом алып кеткен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне 31жыл өткенсін ректор болып келді. Басшы болған жылдары айрықша басқарушылық, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен елдің білім-ғылым саласын өрге сүйреді. Білікті Ғалым, Азамат, Басшы туралы жазған кітаптар мен мақалаларды осы бөлімде оқып, көре аласыз.

2-бөлім. Көпжасар Нәрібаев – ұлтына қызмет еткен азамат

Ұлтты тәрбиелеудің, ұрпақтың ой-санасын бекітудің өзіндік үлгісін қалыптастырып жүрген шын мағынасындағы ғалым әрі ұстаз, қайраткер әрі Алаш жұртының ардақты перзенті дейтін биікке көтерілген санаулыларымыздың бірі Көпжасар Нәрібаев өзінің экономика ғылымының докторы, академик екеніне қарамай, гуманитария саласына, әдебиетке, тілге, тарихқа, жағрафия, жалпы қазақ ортасына қажет, ұлттың ұрпағын тәрбиелеу жолында қай іске болсын белсене кірісіп кететін шоқтығы биік тұлға болды.

Қандай лауазымды қызмет атқарса да өз ұлтына адал қызмет еткен, елі мен жерін шексіз сүйген қазақтың қайраткер ұлының, аса ардақты азаматының өзінің жазған адебиеттерімен осы бөлмеде таныса аласыз.

3-бөлім. Таланты биік ғалым, талабы биік ұстаз.

Ұлтқа өнеге, ұрпаққа үлгі бола алған профессорымыз Қазақстанда есептеу мен басқаруды механикаландыру және автоматтандыру ісінің теориясын, ревизиялау мен бақылау негіздерін, сонымен қатар басқа да экономикалық мәселелерге арналған теориялық еңбектерді тұңғыш рет қазақ тілінде жазған, Осы салада ұстаздан тәлім алып, биіктен көрінген шәкірттері де аз болған жоқ. Профессордың ізін басып, қазіргі таңда білікті ғалымдардың жазған әдебиеттерімен 3-бөлімде оқып, таныса аласыз.

4-бөлім. Халықаралық жыл адамы

Білім саласындағы қажырлы еңбегі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін К.Нәрібаев «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен, сонымен қатар шетелдік одақтық және республикалық ұйымдардың Құрмет грамоталарымен марапатталды.

1996 жылы ғалымға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 2001 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілді.

4-бөлімде К.Нәрібаевтың алған грамоталары мен медальдары көрсетіледі.

5-бөлім. Экономикалық бостандық болмай өзге бостандық та болмайды.

К.Н.Нәрібаев ғалым ретінде шетелдерде өткен маңызды ғылыми конференциялар, симпозиумдар, семинарларға белсенді қатысып, экономиканы жандандырудың өзіндік мәселелері бойынша баяндамалар жасаған. Кез келген мемлекетте аса маңызды рөл атқаратын экономика саласы жөнінде 5-бөлімде оқып, біле аласыздар.

Ұйымдастырушы: Экономика факультеті

Көрменің оқырмандық бағыты: Университетке іс-шараға жиналған экономист, өнертанушы, мәдениеттанушы, әлеуметтанушы қауым, кітапхана пайдаланушылары – студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, кітапхана қызметкерлер, т.б.

Өтетін орны: Әл-Фараби кітапханасының ғимараты, фойе, 4-қабат, 2021 ж. 18маусым

Көрме түрі: Дәстүрлі (5 стеллаж кітаптар, фотоальбомдар мен мерзімді басылымдар)

Көрме құжаттары: Әдебиеттер саны-120

Көрменің безендірілуі: Фотосуреттер, дәйексөздер.

Көрменің нәтижелігі: Осы жылдар ішінде университетіміздің халықаралық беделін көтеріп, білім ордасындағы оқыту шеберлігі мен ғылыми шығармашылықты жаңа биіктерге көтеруге орасан еңбек сіңірген, дүниежүзіне аты мәшһүр ғалым, бірнеше халықаралық шетелдік Ғылым академияларының мүшесі атанған Көпжасар Нәрібаев профессорымыздың еңбектерімен танысу.

Көрменің фото-галереясы

Көрменің видео түсірілімі

Яндекс.Метрика