Журналист, ғалым Сансызбай Шарапиұлы 60 жаста

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мадиев Сансызбай Шарапиұлының 60 жасқа толуына орай ғылыми практикалық конференциясы өтті.

Конференцияға Әл-Фараби кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрменің мақсаты іс-шараға қатысушыларды, қонақтарды, Сансызбай Шарапиұлының еңбектерімен таныстыру болды.

Көрменің оқырмандық бағыты: іс-шараға жиналған ғалымдар, кітапхана пайдаланушылары – студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар, магистранттар, кітапхана қызметкерлері, т.б.

Көрме келесі бөлімдерден құралды:

  1. «Сансызбай Шарапиұлы 60 жаста»
  2. «Еңбек жолы мен ғылыми-ұстаздық қызметі»
  3. «Жазушы еңбегі»

Журналистің тұлғасы – бұл әлемнің сызбасы. Атырау облысында, Құрманғазының топырағында туған Сансызбай Шарапиұлы еңбек жолын 1984 жылы Исатай аудандық қазіргі «Нарын таңы» газетінде корректор болып бастап, бүгінгі таңда Алматы қаласының Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, журналистика факультетінде қызмет атқаруда. Көрменің 1-бөліміне Сансызбай Шарапиұлының жеке архивінен алғашқы еңбек жолында жарық көрген мақалалары және қолжазбалары қойылды.

Сансызбай Мәдиев – 2005 жылы кандидаттық диссертациясын академик З. Қабдолов жетекшілігімен қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанды. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жан-жақты білімді талап етуші журналистік жолда Сансызбай Шарапиұлының басты қаруы – сөз , қорғағаны – халық мүддесі болды. Қаламын қолға алып, қару еткен оның 2 монографиясы, 300-ден астам публицистикалық, 30-дан астам ғылыми мақаласы, баспасөз бетінде жарық көрген. «Дәуір тарланы», «Бес мүшел белесінде», «Зиябек ақын мұрасы», «Болашаққа барар жолда» атты кітаптардың авторы. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жылнамасы» (І, ІІ, ІІІ том), Т. Т. Тәжібаевтың «Избранные сочинения» көп томдықтарының жауапты шығарушысы, басқада 20 шақты кітаптың құрастырушысы. Ғылым саласындағы қызметін қарастырсақ, С. Мәдиев ғылыми-көпшілік жинақ 2005-2006 (қазақша, орысша), «ҚазҰУ Хабаршысы. Журналистика сериясы» ғылыми-журналдарының жауапты хатшысы. Сонымен қатар, ғылыми ізденістері көне түркі жазба ескерткіштеріне, көне ауыз әдебиетінің жазбаларына, сондай-ақ репрессияға ұшыраған журналист Зиябек Рустемов мұрасына байланысты жазылған еңбектері қойылды.

Көрменің 3-бөліміне С. Мәдиевтің «Әуезов және әлем әдебиеті» (2006), «І. Тұрмағамбетов – ақын, аудармашы» (2007), «Қазақ әдебиеті тарихынының мәселелері» Т. Кәкішұлы (2007), «Академик З. Қабдолов және қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» (2007) тағы да басқа халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар және әр жылдары мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалары қойылды.

Яндекс.Метрика