Кітапхананы пайдалану ережесі

Қосымшалар:

1. Тұтынушылардың және кітапхананың құқықтары мен міндеттері

2. Оқырмандардың жоғалтқан құжаттарының орнын толтыру туралы

3. Кітап алуға онлайн-өтінім

1. Жалпы ережелер

1.1 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби атындағы кітапханасы (бұдан әрі қарай – Кітапхана) университеттің оқу үдерісі мен ғылыми-зерттеу қызметінің тақырыптық бағыттары бойынша қорларды қалыптастырады, сақтайды және оларға қол жеткізу мүмкіндігін ұйымдастырады.

1.2 Кітапхана ғылыми, ақпараттық және мәдени-ағартушылық сипаттағы қызметтерді атқарады, университеттегі оқу, оқу-тәрбиелік, ғылыми және инновациялық қызметтерді қамтамасыз етеді.

1.3 Осы Ереже ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2000 ж. 17 қарашадағы № 827 бұйрығымен бекітілген «Жоғары кәсіптік білім беру  ұйымының кітапханасы туралы» Үлгілік ережеге; әл-Фараби атындағы кітапхана туралы Ережеге және университеттің нормативтік құжаттарына сәйкес әзірленген.

1.4 Осы Ереже Кітапханада оқырмандарға қызмет көрсетуді ұйымдастырудың жалпы тәртібін реттейді.

1.5 Қолданушы кітапхана қызметтерін пайдалана отырып, осы ережелермен келіседі және Кітапхана қолданушыларының құқықтары және міндеттерімен танысқанын растайды.

2. Оқырмандардың кітапханаға жазылу тәртібі

2.1 Оқырмандардың кітапханаға жазылуы абонементтерде университеттік ID-карта бойынша жүргізіледі. Жазылу үшін Кітапхананың кітапханашы-менеджерлеріне жолығу қажет.

2.2 Бірінші курс студенттері кітапханаға жеке куәлігі бойынша жазылады. ID-карта алғаннан кейін, кітапханашы-менеджерге жолығып, тіркеуден міндетті түрде өткізіп, әрі қарай ID-картасын оқырман билеті ретінде пайдаланады.

2.3 Тіркелгеннен кейін оқырман осы Кітапхананы пайдалану ережесімен танысып, оны қатаң түрде сақтауға міндетті.

2.4 Қаланың және республиканың басқа жоғары оқу орындарының студенттері ЖОО кітапханалары арасында меморандум жасалғаннан кейін ID-карта немесе студенттік билетті көрсету арқылы Кітапхана қызметін пайдалана алады.

2.5 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқымайтын және жұмыс істемейтін, басқа жоғары оқу орындарында да оқымайтын тұлғалар, егер Ережеде өзгеше көзделмесе, Кітапханаға жазыла алмайды. Толығырақ осы Ереженің «8. Сырттан келген пайдаланушыларға арналған ережелер» атты тармағынан білуге болады.

3. Абонементті пайдалану ережелері

3.1 Абонементтерде  әдебиеттерді үйге беру жүзеге асырылады. Сондай-ақ, қолданушылар кітап алуға онлайн-өтінім бере алады.

3.2 Әдебиетке тапсырыс беру кезінде оқырман ID-картасын ұсынады (1 курс студенттері қыркүйек айының соңына дейін жеке куәлігін ұсынады).

3.3 Кітапхана қорынан кітаптарды және басқа да материалдарды алған кезде оқырман оларды мұқият қарап шығуы қажет, басылымның қандай да бір ақауы бар екенін байқаса, кітапханашыға көрсетуі қажет, болмаса басылымның ақауы үшін жауапкершілік соңғы пайдаланған оқырманға жүктеледі.

3.4 Қолданушы әдебиетті бір семестрге немесе бір жылға алады.

Назар аударыңыз! Оқырмандардың жоғалтқан құжаттарының орнын толтыру туралы толығырақ мына жерден қараңыздар.

3.5 Энциклопедиялар, анықтамалықтар, диссертациялар тек оқу залдарында ғана пайдалануға беріледі.  Керек әдебиет абонементте болмай қалған жағдайда, оны кітапхананың http://elibrary.kaznu.kz. сайтының басты бетіндегі  бөлімнен тауып алуға болады.

4. Оқу залын пайдалану ережелері

4.1 Классикалық оқу залын пайдалану үшін қолданушы ID-картасын ұсынса жеткілікті (келгенін тіркеу үшін).

4.2 Классикалық оқу залына келушілерге оқу залының қорында еркін пайдалану режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Оқырмандар қажет әдебиетін сөрелерден өз бетінше тауып, қарай алады және таңдаған кітаптарын ID-карта арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы арқылы рәсімдеп алып кете алады.

4.3 Қажетті әдебиет оқу залында болмаған жағдайда, қолданушы оны кітапхананың http://elibrary.kaznu.kz. сайтында «Электрондық кітапхана» немесе «Электрондық каталог» деген бөлімдерінен тауып,  залдың кітапханашы-менеджеріне тапсырыс беру арқылы алуына болады.

4.4 Оқу залынан кітаптарды үйге өзіне-өзі қызмет көрсету  терминалы арқылы үш күнге алуға болады.

Назар аударыңыз! Оқырмандардың жоғалтқан құжаттарының орнын толтыру туралы толығырақ мына жерден қараңыздар.

4.5 Жалғыз данадағы әдебиет үйге берілмейді, бірақ қажетті беттерін залдағы ксерокс аппараттары немесе ұялы телефон арқылы көшірме жасап алуға болады.

5. Диссертациялар залын пайдалану ережелері

5.1 Диссертациялық жұмыстарды ҚазҰУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамы, ғылыми қызметкерлері, докторанттар мен магистранттары рұқсат хатсыз, ID-карта ұсыну арқылы қолдана алады.

5.2 Диссертациялар тек диссертация залында жұмыс істеу үшін беріледі.

5.3 Диссертация материалдарын дұрыс пайдалану оқырманның жауапкершілігіне жүктеледі.

5.4 Диссертациялық жұмыстарды суретке түсіруге немесе диссертация залынан алып шығуға тыйым салынады.

5.5 Қажет болған диссертациялық жұмыстың бар-жоғын кітапхананың веб-порталында орналасқан электрондық каталогтан қарауға болады.

5.6 Диссертациялық жұмыстардың электрондық нұсқасына https://elib.kaznu.kz/order-book сілтемесі бойынша тапсырыс беруге  болады.

Сырттан келген пайдаланушыларға арналған ережелер
  • Сырттан келген пайдаланушыларға диссертациялар жіберген ғылыми мекеменің ресми бланкісінде рәсімделген және оның басшысы қол қойған өтініш хат (жүктеу) негізінде беріледі.
  • Диссертациялар қорын пайдалануға құқық беретін өтініш хат бір жылға жарамды.
  • Диссертация материалдарын дұрыс пайдалануы үшін жауапкершілік пайдаланушының өзіне және өтініш хатқа қол қойған басшыға жүктеледі.
Диссертациялық жұмыстарды кітапханаға тапсыру ережелері

5.7 Әл-Фараби кітапханасы диссертациялар қорын дәстүрлі (баспа) және электрондық түрде қалыптастырады.

5.8 Авторлар кітапхананың қорды жинақтау және сервистік қолдау басқармасына: баспа түріндегі диссертацияны (1 дана); CD-диск/флеш-картада (1 дана) диссертацияның электрондық нұсқасын тапсыруы қажет.

  • Диссертация қатты түптелген және сапалы тігілген болуы керек.
  • Кітапханаға түзетулері, ақаулары бар, мөрі анық басылмаған диссертациялар қабылданбайды.
  • Кітапхана қабылданған диссертацияларға техникалық өңдеу жүргізеді және кітапхананың анықтамалық-іздеу аппаратына деректерін енгізеді.

6. Кітапхананың электрондық залын пайдалану ережелері

6.1 Кітапхананың электрондық залын пайдалану үшін қолданушы кітапханашы-менеджерге ID-картасын ұсынса жеткілікті (бірінші курс студенттері ID-карта алғанша жеке куәлігін көрсетеді).

6.2 Электрондық зал Интернет желісінің ресурстарына, жазылмалы дерек қорларына және өзіміз қалыптастырған дербес электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады және компьютерлерде орнатылған оқу және ғылыми қызметті бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалана отырып, жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

6.3 Электрондық кітапхана пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін мультимедиалық аймақ, Интернетпен, графикалық бағдарламалармен және спутниктік телевизиямен жұмыс істеу аймақтарына бөлінген.

7. Мерзімді басылымдар залын пайдалану ережелері

7.1 Кітапхананың мерзімді басылымдар залын пайдалану үшін қолданушы кітапханашы-менеджерге ID-картасын ұсынса жеткілікті (бірінші курс студенттері ID-карта алғанша жеке куәлігін көрсетеді).

7.2 Мерзімді басылымдар залында соңғы үш жылда шыққан отандық және шетелдік газеттер мен журналдарға, хабаршыларға, бюллетеньдерге, т.с.с. қол жеткізуге болады. Одан ерте жарық көрген басылымдарды менеджерге жолығып, кітапхана қорынан алдыртуға болады.

7.3 Қолданушылар жиі сұрайтын залдағы мерзімді басылымдар жеке папкаларға тігіліп қойылған.

8. Сырттан келген қолданушыларға арналған ережелер

8.1 Жоғары оқу орындарының студенттерінен басқа сырттан келген пайдаланушылар және заңды тұлғалар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында тиісті келісім-шарт жасалғаннан кейін, кітапхана қызметін ақылы келісім-шарт негізінде пайдалана алады. 

8.2 Тиісті келісім-шарт жасалғаннан кейін үшінші тарап ұйымдарының қызметкерлері мен студенттеріне барлық оқу залдарында (абонементтерді, диссертациялық қорды, сирек басылымдар мен қолжазбалар қорын қоспағанда) қызмет көрсетіледі.

9. Сыйға келіп түскен кітаптармен жұмыс

9.1 Кітапхана сыйға келесі басылым түрлерін дәстүрлі және электронды түрде қабылдайды:

  • оқу және оқу-әдістемелік басылымдар (соңғы 5 жылда шыққан басылымдар);
  • ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдар (соңғы 5 жылда шыққан басылымдар);
  • көркем альбомдар;
  • отандық және шетелдік көркем әдебиет;
  • кітапхананың бейініне сәйкес келетін журналдар немесе жиынтықтағы жетіспейтін басылым данасын толықтыруға қажет журналдар;
  • сирек, ерекше, құнды категорияларға жататын басылымдар, қолжазбалар

9.2 Сыйға қабылданатын басылымдардың негізгі өлшемдері – өзектілігі, ғылыми, тарихи және көркемділік құндылығы, кітапхана қорын жинақтаудың тақырыптық-типологиялық бейініне сәйкес болуы.

9.3 Кітапхана ұлттық және діни алауыздықты қоздыруға, нәсілдік төзбеушілік, қоғамға жат мінез-құлық және басқа да жағымсыз құбылыстарды насихаттауға бағытталған  басылымдарды сыйға қабылдамайды.

9.4 Сыйға берілетін басылымдар әл-Фараби атындағы кітапхананың Негізгі қорды жинақтау және сақтау басқармасында қабылданады.

9.5 Кітапханаға сыйға кітаптар  беру үшін кітапхананың Негізгі қорды жинақтау және сақтау басқармасына 8(727)3773333 (1703) телефоны бойынша хабарласу қажет немесе library@kaznu.kz электронды поштасына ұсынылатын басылымдардың авторы, атауы, баспасы, шыққан жылы, басылымның жай-күйі көрсетілген тізімді жіберу қажет.

Яндекс.Метрика