Әл-Фараби кітапханасындағы жаңа жыл шыршасы

Жаңа жыл – әлемдегі қуанышқа толы ғажайып мерекелердің бірі.  Бәріміз келе жатқан жаңа жылдан жарқын ертегі, жаңа бақыт күтеміз. Жаңа жыл мерекесі жасыл шыршасыз болуы мүмкін емес. Әшекейлі шыршамен қарсы алу дәстүрін Ресейде 1700 жылы қаңтардың 1-інде I Петрдің енгізгені, дәл осы жылы Ресейде жаңаша жыл санау басталғаны тарихта жызылғанын білеміз, сондай-ақ,  бірқатар этнограф-тарихшылар қыпшақтардың да шырша мерекесі болғанын, Жаңа жылдың – көшпелілердің де байырғы мейрамы екенін жазады. Мысалы, Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» атты кітабында шыршалар мерекесін 25 желтоқсанда, Күннің Түнді «жеңген» кезінен бастап, түркілер Күннің қайта оралғанына қуанып, Үлкенге (Ульген) алғыстарын жаудырыпты, оған тәу етіпті. Дұғаларымыз Тәңірінің құлағына шалынса деген үміт-арманмен Үлкеннің сүйікті ағашы – шыршаны үйлеріне әкеліпті. Бұтақтарына неше түрлі әсем шүберектер байлапты. Яғни, шырша мерекесінің І Петр патшадан да әріде болғанын баяндап, ол түркілер дәуірінде сол халықта тойланған деп дәлелдейді (https://kk.wikipedia.org/).

 Жылдан жылға жаңа жыл мерекесін тойлау қарсаңында әр адам, әр мекеме уйіне, жұмыс орнына шырша қойып, оны әсемдейді. Міне, сол дәстүрді біздің де әл-Фараби кітапханасы ұстана отырып, кітапхана байлығы, яғни кітаптардан шырша құрды. Ұзындығы 2 метрге жуық шыршаға шамамен 600-дей кітап жұмсалды. Шырша құрастыруды кітапхана қызметкерлері 3 сағат уақыт көлемінде бітірді. Жаңа жыл қарсаңында кітапхана оқырмандарына, қонақтарға жақсы көңіл-күй сыйлап тұратын әдемі шыршамыз кітапхана фойесінде орналастырылды.