Бірінші курс студентіне

Құрметті бірінші курс студенті!

Сіз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті атандыңыз және әл-Фараби кітапханасының қорын, ақпараттық қызметтерін қолдану құқығына ие болып отырсыз. Әл-Фараби кітапханасы 1934 жылы құрылған. Қазіргі таңда кітапхана қоры 2,5 миллионнан астам басылымдарды ұсынады. Сіздің университетте жан-жақты білім алуыңыз үшін кітапханамен өз бетіңізше жұмыс істеуді тиімді қалыптастыру қажет. Ақпараттардың қайнар көзіне қысқа және нақты жол табуға осы тарау көмектесе алады.

Әл-Фараби кітапханасына қош келдіңіздер!

1. Кітапхананы пайдаланудың негізгі ережелерін есте сақтаңыз:

  • оқырман билеті кітапханаға тіркелгеннен кейін беріледі;
  • абонементтен әдебиетті үйге алуға болады. Оқу әдебиеті семестрге, ал көркем әдебиеттер 15 күнге беріледі;
  • оқу залында Сіз оқу процесіне қажетті әдебиеттерді қолдана аласыз: оқулықтар, оқу құралдары, әдістемелік құралдар, энциклопедиялар, сөздіктер, анықтамалықтар, мерзімді басылымдар. Бұл әдебиеттер шектеулі;
  • электронды кітапхана оқырмандарға электронды каталогтарды, деректер қорын, жұмыс жасау орнын пайдалануды ұсынады: мультимедиялық, Интернетпен жұмыс, графикалық бағдарламалармен және электронды қорлармен.
  • кітапты қолдану мерзімін уақытында ұзартып отырыңыз;
  • кітапхана кітабын жоғалтып немесе бүлдіріп алған жағдайда оның нарықтағы бағасын төлеу немесе дәл сондай кітапты қайтару қажет.

2. Кітапхана бөлімдерінің қайда орналасқанын және жұмыс кестесін білу (жұмыс кестесі және жолсілтеме) қажет.

3. Кітапхана қорынан қажетті кітапты қалай алуға болады

Кітапханада электронды және дәстүрлі каталогтар бар – алфавиттік және жүйелік. Егер Сізге кітаптың авторы немесе атауы белгілі болса, алфавиттік каталогтан қажетті кітап бойынша ақпарат ала аласыз. Жүйелік каталогқа іздеу тақырыбы белгілі болған жағдайда жүгінген жөн. Электронды каталогта әдебиеттерді авторы, тақырыбы, баспа, кілттік сөз талаптары бойынша іздеуге болады.

Кітап алу үшін талап ету парағын толтырыңыз. Кітаптың атауын, шифрын, автордың аты-жөнін және шыққан жылын көрсетіңіз.

Қажетті кітапты іздеу немесе талап ету парағын толтыру бойынша кеңес керек болса кітапханашы-менеджерге жүгініңіз.