Үш бәйтерек – үш асыл

2019 жылдың 28 ақпанында Әл-Фараби атындағы кітапхана мен Филология және әлем тілдері факультетінің «Көкжиек» студенттер клубының ұйымдастыруымен  "ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап" жобасының аясында  С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіровтың туғанына – 120 жыл толу қарсаңында орай  «Үш бәйтерек – үш асыл» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Кеш қуғын-сүргін саясатында құрбан болған біздің асыл азамматтарымызды бір минут еске алумен ашылды. Бұл кездесу қоғам қайраткерлерінің туындылары  мен өмірбаянына арналды. Кешті филология және әлем тілдері факультетінің доценті Ләйлә Мұсалы сөз сөйлеп ашты.Кешке филология ғылымдарының докторы Темірғали Есембеков пен философия ғылымдарының докторы Асқар Лесхан осы уақыттағы саясат жайында сөз қозғаса, ақпараттану факультетінің ұстазы Болат Әбен «Үш бәйтеректің» шығармашылығы жайында сөз қозғап, өлең жолдарын оқыды, тарих, археология және этнология факультетінің магистранттары қуғын-сүргіннің басталу тарихына үңілді. Студенттер С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіровтың өмірбаяндары мен шығармашылығынан тұратын слайдтар көрсетіп, шығармаларын ағылшын тілінде сөйлетті.Кеш барысында қатысушыларға викториналық сұрақтар қойылып, кітаптар сыйлыққа берілді.Кеш соңында жырлар оқылып, қазақтың қара домбырасымен күй орындалды. Бұл кеш студенттерге жақсы әсер қалдырып, алдағы күндерде тағы осы сықылды кештер жалғаса беруіне өз үлестерін қосатындықтарын жеткізді.